Шрифт өлшемі:

Alatau City AI & Digital Bridge 2026 форумында технологиялық және қаржылық серіктестіктерін кеңейтті

Астанада 1-3 қазан аралығында өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында Alatau City Authority Қазақстан қор биржасы (KASE), Huawei Technologies Kazakhstan, Binance Kazakhstan, Bybit Kazakhstan және Қазақстанның Даму Банкімен бес ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттар цифрлық қаржы инфрақұрылымы, Smart City технологиялары, жасанды интеллект, бұлтты шешімдер және басқа да бағыттарды қамтиды. Цифрлық технологиялар мен заманауи қаржы құралдары қаланың инфрақұрылымына, басқару жүйесіне және сервистеріне бастапқы кезеңнен бастап енгізіледі.
05.10.2026

Тұрғындар үшін бұл болашақта қалалық қызметтердің қолжетімді әрі ыңғайлы болуын, төлем және қаржылық мүмкіндіктердің кеңеюін, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуын білдіреді. 

Қала жобалары үшін капитал тартудың жаңа мүмкіндіктері

Қала KASE-пен бірлесіп цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытады. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі –  токенделген активтерді шығару, айналымға енгізу және саудалау үшін Alatau Token Exchange by KASE платформасының тұжырымдамасын пысықтау.

Токенизация – нақты активке, мысалы жылжымайтын мүлік нысанына немесе ондағы үлеске қатысты құқықты цифрлық токен түрінде рәсімдеу. Платформа активті токенизациялаудан бастап оның айналымы мен есеп айырысуына дейінгі барлық кезеңді қамтуға бағытталған.

Жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылым нысандары цифрлық инвестициялық құралдардың негізіне айналып, қалаға инфрақұрылымдық және коммерциялық жобаларға капитал тартудың тағы бір мүмкіндігін береді.

Alatau City Authority мен KASE теңге және шетел валюталары негізіндегі цифрлық қаржы активтері мен көпвалюталы есеп айырысу құралдарын да дамытады. Бұл қазақстандық және шетелдік инвесторлармен жұмыс істеуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Smart City және цифрлық инфрақұрылым

Huawei Technologies Kazakhstan-мен жасалған меморандум Smart City технологияларын, жасанды интеллектіні, бұлтты шешімдерді, деректерді өңдеу орталықтарын және цифрлық платформаларды дамытуға бағытталған.

Alatau City қалалық ортасы енді қалыптасып жатқандықтан, цифрлық шешімдерді инфрақұрылым мен сервистерге қазірден бастап енгізу жоспарланып отыр. Жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және деректермен жұмыс істеу қаланы басқарудың тиімділігін арттыруға, ал бизнес үшін заманауи технологиялық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Токенизация, цифрлық төлемдер және халықаралық есеп айырысу

Тағы екі меморандум Binance Kazakhstan және Bybit Kazakhstan компанияларымен жасалды.

Binance Kazakhstan қаланың жобаларына қосымша инвестиция тарту мақсатында нақты активтерді токенизациялау бағытында қала әкімдігімен бірлесіп жұмыс істейді.

Bybit Kazakhstan-мен жасалған меморандум токенизация, цифрлық төлемдер, трансшекаралық аударымдар және есеп айырысу бағыттарын қамтиды. Ынтымақтастық бизнес, инвесторлар және болашақта қала тұрғындары үшін төлемдер мен халықаралық есеп айырысуды жеңілдетуге бағытталған.

Инфрақұрылым мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру

Қазақстанның Даму Банкі мен Alatau City Authority қаланың инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру, сондай-ақ инвестиция тарту бағытында ынтымақтасады.

Қазір қала жобаларының инвестициялық портфеліне жалпы құны шамамен 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 67 жоба кіреді. Оларды іске асыру нәтижесінде шамамен 55 мың жұмыс орнын ашу, жаңа инфрақұрылым мен кәсіпорындар құру көзделген. Банктің қатысуы осы жобалардың қаржылық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.

Дамудың бірыңғай экожүйесі

Меморандумдар әртүрлі бағыттарды қамтығанымен, барлығы бір мақсатқа – Alatau City-ді цифрлық және қаржылық негізі қатар қалыптасатын қала ретінде дамытуға бағытталған.

Қаржы құралдары қала жобаларына капитал тартуға, цифрлық инфрақұрылым қалалық сервистер мен басқару жүйесінің жұмысын қалыптастыруға, ал төлем шешімдері бизнес пен инвесторлар үшін есеп айырысуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Оның нәтижесі болашақта қала тұрғындарының күнделікті өмірінен көрінуі мүмкін: жаңа инфрақұрылымның пайда болуы, жұмыс орындарының ашылуы, цифрлық сервистер және төлем мүмкіндіктерінің кеңеюі. Ал инвесторлар мен бизнес үшін мұндай орта Alatau City жобаларына қатысудың түсінікті әрі заманауи тетіктерін қалыптастырады.

Соңғы жаңалықтар