Шрифт өлшемі:

Alatau City-де әлемдік деңгейдегі көпфункционалды Iconic Towers кешенінің құрылыс жұмыстары басталмақ

Жобаға құйылған жеке инвестициялар көлемі 800 миллион АҚШ долларынан асты. Құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2029 жылдың соңына жоспарланған.
11.02.2026

Iconic Towers-тың техникалық параметрлері мен аймақтарға бөлінуі

Футуристік кешеннің жалпы ауданы 276,8 мың шаршы метрді құрайды.

Iconic Towers құрамына:

  • Ең биік нүктесі – 56 қабатты мұнара (А санатты кеңселер мен заманауи апартаменттер);

  • Халықаралық деңгейдегі бес жұлдызды қонақүйге толықтай берілетін биіктігі 80 метр болатын мұнара;

  • Зәулім ғимараттың негізінде мәдени кеңістіктер мен ауданы 58 мың шаршы метрді құрайтын сауда-ойын-сауық орталығы бар 3 қабатты подиум кіреді.

Жобаның негізін «вертикалды қала» тұжырымдамасы құрайды. Бұл тұжырымдамаға сәйкес бір кеңістікте мыңдаған қызметкер мен резиденттің автономды өмір сүруі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар тұрғын, іскерлік және қонақүй аймақтары бір-бірінен толық оқшауланады.

Iconic Towers Алматы өңірі мен Қазақстанның оңтүстігіндегі ең биік ғимаратқа айналады. Оның биіктігі – 272 метр, бұл Esentai Tower көрсеткішінен (162 м) шамамен 110 метрге жоғары. 

Iconic Towers-тің сәулеттік келбетін кім жүзеге асырды? 

Iconic Towers-тың сыртқы келбетін әлемдік сәулет саласының көшбасшылары әзірледі: британдық Zaha Hadid Architects бюросы және америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) компаниясы. 

Нәтижесінде АҚШ сәулетшілерінің «Тау ландшафты» концепт-дизайны таңдалды. Бұл команда Дубайдағы әлемдегі ең биік «Бурдж-Халифа» зәулім ғимаратын жобалаған. Сондай-ақ SOM Нью-Йорктегі 1 Дүниежүзілік сауда орталығын («Бостандық мұнарасы»), Жиддадағы Ұлттық коммерциялық банк мұнарасын (Сауд Арабиясы), Израильдегі Бен-Гурион әуежайын және Брюссельдегі НАТО штаб-пәтерін жобалаған. Компанияның соңғы жобаларының бірі – 2026 жылғы XXV Қысқы Олимпиада ойындарына арналған Олимпиадалық ауыл (Италия).

Компания портфелінде әлемнің 50-ден астам елін қамтитын 10 000-нан астам жоба бар. Қазақстанда SOM компаниясы Астанадағы Talan Towers кешенінің дизайнымен танымал. 

Iconic Towers-ты кім салады?

Alatau City-де Iconic Towers құрылысын әлемдік құрылыс нарығындағы жетекші компания – China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) жүзеге асырады. Серіктестік туралы 2025 жылдың қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында жарияланған.

CSCEC Қытайдағы зәулім ғимараттардың 90%-ын салған және әлемнің 100-ден астам елінде бірқатар маңызды нысандарды жүзеге асырған. Олардың қатарында Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтері және Бейжіңдегі «Құс ұясы» стадионы бар.

CSCEC-пен серіктестік Iconic Towers жобасының заманауи әрі бірегей инженерлік шешімдерді тікелей пайдалануына мүмкіндік ашады. Alatau City үшін бұл қарапайым құрылыс жобасы емес, әлемдік деңгейдегі сапа стандарттары мен құрылыс қарқынын енгізу үдерісі, мұндай деңгей бұған дейін тек ең ірі зәулім ғимараттарға тән болған.  

Қауіпсіздік технологиялары және инвестициялық тартымдылық

Аймақтың сейсмикалық белсенділігін ескере отырып, Iconic Towers ең қатаң халықаралық стандарттарға сәйкес жобалануда. CSCEC сарапшылары Қытай, Еуропа және АҚШ нормаларын зерттеп, үздік тәжірибелерді енгізуде. 

Қазіргі уақытта екі технологиялық модель қарастырылуда: 

  • Жапондық модель: соққы энергиясын «жұмсақ» бейтараптандыру жүйесі. Автокөлік аспасы тәрізді жұмыс істейтін бұл технология жер сілкінісі кезіндегі тербелісті сіңіріп, ғимараттың қауіпсіз әрі икемді қозғалуына мүмкіндік береді. Ол Токио мен Шанхайда жоғары сенімділігін көрсетті.

  • Америкалық модель: күшейтілген болат қаңқа қағидаты. Бұл әдіс ғимаратқа ерекше қаттылық пен тұрақтылық беріп, экстремалды жүктемелерге қарсы тұруын қамтамасыз етеді. Осындай технология Сан-Францискодағы Salesforce Tower ғимаратын салу барысында қолданылған.

Құрылыс кестесі

Құрылыс алаңындағы дайындық кезеңі белсенді фазаға өтті. Алдағы айларда инженерлік-геологиялық ізденістер мен құрылыс бағаналарын тексеру жұмыстары аяқталады. Бұл 2026 жылдың мамырында терең шұңқырды толық көлемде қазу жұмыстарына кірісуге мүмкіндік береді.

Техникалық құжаттарға сәйкес жұмыстар қатар жүзеге асырылуда. Кеңес беру кезеңін жазға дейін аяқтау жоспарланған, ал толық жобалық-сметалық құжаттық жұмыстарды 2027 жылдың сәуіріне дейін аяқтау көзделуде. 

Кешенді іске қосу 2029 жылдың соңына жоспарланған.

Стратегиялық басқару және инвестициялық кепілдіктер

Iconic Towers құрылысына арнайы құрылған Атқарушы комитет бақылау жүргізеді. Комитет бюджеттерді басқару, тәуекелдерді бақылау және мемлекетпен өзара байланыс мәселелеріне жауап береді.

Комитет құрамына Алатау қаласын дамыту кеңесінің негізгі мүшелері енді: ҚР Президентінің қала жобалау жөніндегі кеңесшісі Вонг Хеан Файн, «Caspian Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай, Alatau City Bank акционері Вячеслав Ким және бас мердігер тарапынан CSCEC International төрағасы Гао Бо.

9 ақпанда өткен алғашқы отырыста Iconic Towers жобасының қаржылық моделі және экономикалық тиімділігін арттыру шаралары талқыланды. Жерасты бөлігінің шығындарын оңтайландыру және функционалдық алаңдарды қайта бөлу мәселелері қаралды.

SOM және CSCEC сияқты әлемдік көшбасшылардың қатысуы және Атқарушы комитеттің бақылауы жобаның барлық кезеңінде халықаралық стандарттардың сақталуына кепілдік береді. Халықаралық нарық үшін бұл — сапа мен инвестициялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін білдіретін айқын белгі.

Iconic Towers Alatau City-дің іскерлік орталығын қалыптастырып, алдағы инвестициялық жобаларға сапалы ықпал етеді. 

Соңғы жаңалықтар