10,4 трлн теңге инвестиция: Премьер-министр Alatau City қаласының даму қарқынын бағалады

Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев Премьер-министрге қалалық жоспарлау барысы мен инвестициялық жобалардың мәртебесі туралы баяндады.
Болашақ өнеркәсіптік кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін өңірді электр энергиясымен қамту мәселесі бөлек талқыланды.
Ұсынылған деректерге сәйкес, дайындық жұмыстары аяқталған: Alatau City қаласының Бас жоспары өзектендірілді, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары мен инженерлік желілердің сызбалары бекітілді.
Қаланың одан әрі дамуы арнайы Жол картасымен реттеледі.
Жол картасының кезеңдері
2026–2027 жылдарға арналған бірінші кезең жалпы құны 365,1 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны іске асыруды қамтиды. Бұл кезеңде қолданыстағы және жаңа өмірді қамтамасыз ету нысандары қайта жаңғыртылып, салынады: қосалқы станциялар, су алу тораптары және газ құбырлары.
Екінші кезең 2028–2030 жылдарға жоспарланған. Ол жалпы бюджеті 312,5 млрд теңгені құрайтын 9 ірі жобаны қамтиды. Олардың қатарында екі қосымша қосалқы станцияны, автоматтандырылған тарату станциясы бар газ құбырын, кәріздік тазарту құрылыстарын салу, сондай-ақ 49 км автомобиль жолын төсеу көзделген.

10,4 трлн теңгелік инвестициялық портфель
Alatau City кәсіпкерлік үшін тартымды орталыққа айналуда.
2050 жылға дейінгі кезеңге арналған жалпы көлемі 10,4 трлн теңге болатын инфрақұрылымдық жобалар тізімі қалыптастырылды. Оның ішінде 3,1 трлн теңге 2030 жылға дейін іске асырылмақ. Қаражаттың едәуір бөлігі жеке капитал мен EPC-келісімшарттар есебінен тартылады.
Қазіргі таңда жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 32 жоба қалыптастырылған. Оның 20-сы белсенді іске асыру сатысында, оның ішінде:
-
8 жоба – логистика саласында,
-
6 жоба – құрылыс және өнеркәсіп саласында,
-
3 жоба – туризм саласында,
-
3 жоба – тамақ өнеркәсібі саласында.
Аталған жобаларды іске асыру шамамен 1,2 трлн теңге инвестиция тартуға және 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Alatau City-дегі әлемдік брендтер
Сапар барысында жаһандық корпорациялардың жобаларына ерекше назар аударылды. Олжас Бектенов PepsiCo Central Asia зауытын іске қосу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге және 900-ге дейін жұмыс орнын құруға бағытталған, 360 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициясы бар ауқымды жоба.
Сондай-ақ Премьер-министр Mars Petcare Kazakhstan болашақ зауытының құрылыс алаңына барды. Үй жануарларына арналған жем өндіретін кәсіпорынның құрылысы 2026 жылдың ортасында басталады. Бұл халықаралық брендтер өндірісін өңірде локализациялау жолындағы маңызды қадам болмақ.
Әлемдік көшбасшылардың архитектурасы: Iconic Towers
Жаңа қаланың нышандарының бірі – Iconic Towers көпфункционалды кешені болады. Оны салу туралы келісім Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына сапары аясында жасалған. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 800 млн АҚШ долларынан асады.
Архитектуралық тұжырымдаманы әзірлеу әлемге әйгілі америкалық SOM бюросына сеніп тапсырылған. Жалпы ауданы 276,8 мың шаршы метрді құрайтын кешен екі зәулім мұнараны, заманауи бизнес-орталықтарды, қонақүйді, апартаменттер мен сауда алаңдарын қамтиды.
Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың мамыр айында бастап, 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.