Шрифт өлшемі:

2025-ші жылдағы Alatau City: қорытындылар және негізгі оқиғалар

2025 жыл Alatau City үшін маңызды кезең болды. Осы уақыт ішінде Alatau City «даму қарқыны озық қала» атты арнайы мәртебесіне ие болып, жаңартылған Бас жоспарды бекітті, өз басқару архитектурасын қалыптастырды, халықаралық инвестициялық алаңдарға шықты және алғашқы стратегиялық жобаларды іске асыра бастады. Бұл мақалада біз Alatau City дамуының жаңа бағытын айқындаған негізгі шешімдер мен көрсеткіштерді және жылдың маңызды оқиғаларын топтастырдық.
31.12.2025

Арнайы мәртебе және құқықтық база

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Alatau City қаласының стратегиялық рөлін атап өтті. 2025 жылдың 26 қыркүйегінде қол қойылған «Алатау қаласын дамыту мәселелері туралы» Жарлыққа сәйкес Alatau City-ге «даму қарқыны озық қала» атты мәртебесі берілді.

Бұл шешімнің арқасында жаңа реттеу жүйесі қалыптаса бастады, яғни Alatau City кезекті экономикалық аймақ емес, келесі буын қалаларына арналған ерекше құқықтық орта. Alatau City-де инвестиция, смарт-қала технологиялары, цифрландыру, жасанды интеллект және инновациялық бизнеске бағытталған арнайы ережелер жасалынып жатыр.

Президенттің айтуынша, «арнайы мәртебе – бұл артықшылық емес, барлық бастамалардың жүзеге асуы үшін қажет құрал».

Қаланы басқару архитектурасы

Alatau City үшін 2025 жылдың басты оқиғаларының бірі – қаланы басқарудың дербес жүйесін қалыптастыру.
Президенттің 26 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес Alatau City арнайы мәртебеге ие болып, стратегиялық және операциялық органдары бар жеке басқару жүйесі бекітілді.

Бұл үлгінің негізгі буыны — Alatau City-ді дамыту жөніндегі кеңес. Кеңес құрамына Үкімет, Ұлттық банк, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және халықаралық сарапшылар кірді. Кеңес қаланың стратегиялық басымдықтарын айқындайды, негізгі инвестициялық және инновациялық жобаларды бекітеді және арнайы құқықтық режим аясында ұзақ мерзімді саясатты қалыптастырады.

Қараша айында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Кеңестің алғашқы отырысы өтті. Онда инфрақұрылымның басым нысандары, құқықтық режимнің параметрлері және қаланың инженерлік желілерін дамыту бойынша жол картасы айқындалды.

Кеңес шешімдерін іске асыру үшін Alatau City Authority (ACA) мемлекеттік қоры құрылды. Қор қаланы дамытудың бірыңғай операторына айналды және инвесторлармен жұмыс, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, сондай-ақ қалалық ортаны басқарудың заманауи стандарттарын енгізу үшін жауап береді.

Басқару командасын қалыптастырудағы маңызды қадамАлишер Абдыкадыровтың АСА-ның бас директоры болып тағайындалуы.

Қалыптасқан басқару жүйесі Alatau City жобасын инвесторлар үшін түсінікті әрі болжамды ортаға айналдырып, 2026 жылдан бастап аумақтарды белсенді игеру кезеңіне көшуге мүмкіндік береді.

Бас жоспардан – алғашқы құрылыс жұмыстарына дейін

2025 жылдың қарашасында Үкімет Бас жоспарға түзетулер енгізіп, арнайы экономикалық аймақтың аумағын 98 982,98 гектарға дейін ұлғайтты.  

СЭЗ кеңейтіліп, жаңа жоспарлау құрылымы қабылданғаннан кейін қаладағы бизнес белсенділігі айтарлықтай өсті. Алматы облысы әкімдігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың он айының қорытындысы бойынша Alatau City бюджеті 8,8 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 115,6 млрд теңгеге, инвестициялар 46,4 млрд теңгеге жетті.

Инвестициялық қоржында 41 жоба бар, олардың аясында 21 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Құны шамамен 1 трлн теңгені құрайтын 18 жоба белсенді жүзеге асырылуда. 2025 жылы 103 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Alatau City-дегі алғашқы стратегиялық жобаK-PARK. Бұл2025 жылдың қыркүйегінде Golden District аумағында іргетасы қаланған корей мәдениетіне арналған парк пен мәдени-бизнес орталығы. Жоба паркті, мәдени және білім беру кеңістіктерін, музейді, көрме залдарын және қоғамдық аймақтарды біріктіреді. Жобаны ұсынған Қазақстан кәрістері қауымдастығы. K-PARK-тың көгалдандыру алаңы 40 мың шаршы метрді құрайды.

Қаладағы алғашқы ірі инвестиция ретінде мәдени нысанның таңдалуы Alatau City жобасының адамға бағытталғанын көрсетеді. Мұнда ең алдымен қолайлы орта құру маңызды, содан кейін экономика мен бизнес дамиды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуы бойынша: «Жаңа қала магистральдардан емес, парктен бастау алады. K-PARK инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналады».

Сонымен қатар, халықаралық сарапшылармен бірге көлік инфрақұрылымының бірыңғай схемасы және қаланың дизайн-коды әзірленуде.

Халықаралық серіктестік

2025 жылы Alatau City халықаралық деңгейде кеңінен таныла бастады және Қазақстан дамуының маңызды жобаларының біріне айналды. Көктемде Сингапур форумында ол болашақ қаласы ретінде таныстырылып, шетелдік инвестициялар мен технологияларды тартуға бағытталған платформа ретінде ұсынылды.

Astana International Forum кезінде өткен “Alatau City: The Future is Now” сессиясында сарапшылар жобаның құқықтық негізін, инвестициялық мүмкіндіктерін, цифрлық және көлік шешімдерін талқылады. Сондай-ақ Alatau City-дің аймақтық бизнес және білім орталығына айналу перспективасы талқыланды.

Жобаның халықаралық деңгейде танылуының шарықтау шегі Сеулде өткен Alatau Rise with Kazakhstan роуд-шоуында болды. Оған Hyundai, Samsung, Lotte және басқа ірі компанияларды қоса алғанда, 800-ден аса корей компаниялары қатысты. Нәтижесінде KIND, GGGI және Korea Airports Corporation-мен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.

Ассоциацияның «Корея – Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы Пак Хон Гын атап өткендей, «Alatau City-дің дамуы – Қазақстанның дәстүрлі шикізаттық экономикадан шығуға ниеті бар екенін білдіретін маңызды мәлімдеме».

Болашақ транспорты

2025 жылы Alatau City-де қалалық әуе мобильдігі (Urban Air Mobility, UAM) жүйесін құру жобасы басталды. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму министрлігі, eVTOL авиациясы саласындағы әлемдік көшбасшы Joby Aviation және Alatau Advance Air Group (AAAG) электрлі eVTOL ұшақтарын жеткізу туралы 250 млн долларлық меморандумға қол қойды.

Жобаға болашақ әуе мобильдігі инфрақұрылымының халықаралық операторы, италиялық UrbanV компаниясы қосылды. AAAG және Korea Airports Corporation компанияларымен бірлесіп, Alatau City аумағында сынақ орталығы мен вертипорттар желісін жобалау жұмыстары басталды.

Бұл нысандар сертификаттау, демонстрациялық ұшулар және болашақтағы коммерциялық тасымалдарды іске қосу үшін базаға айналады. Жобаның алғашқы сынақ алаңдарын 2027 жылға қарай іске қосу жоспарлануда.

Алда не күтіп тұр?

2025 жыл — Alatau City үшін идеядан толыққанды жүйеге өткен жыл, яғни бұл жылы жобаның өз ережелері, басқару архитектурасы, алғашқы құрылыс жобалары және тұрақты халықаралық күн тәртібі қалыптасты. Қала нақты экономикалық және технологиялық алаңға айнала бастады.

2026 жылы негізгі басымдықтар магистральдық инженерлік желілерді іске қосу, индустриялық және технологиялық кластерлерді дамыту, сондай-ақ инвестициялық пулды кеңейту секілді бағыттарға беріледі. Осылайша Alatau City бүкіл өңірге ықпал ететін жаңа өсу орталығына айналады.

Соңғы жаңалықтар