Шрифт өлшемі:

6 млрд АҚШ доллары: Alatau City Қытайдағы роудшоу барысында 24 келісімге қол қойды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Қытайдың басты технологиялық орталықтарының бірі - Шэньчжэнь қаласында Alatau City-дің ауқымды инвестициялық әлеуетін таныстырды. Ірі шараның маңызды қорытындысы ретінде жетекші халықаралық корпорациялармен, қаржы институттарымен және инвестициялық қорлармен ынтымақтастық туралы 24 келісімге қол қойылуы болды.
10.06.2026

Роудшоуға екі елдің мемлекеттік органдарының, девелоперлік және технологиялық компанияларының өкілдері қатысты. Қатысушыларға Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттары, соның ішінде арнайы құқықтық режимнің барлық артықшылықтары, инвесторларға арналған жеңілдікті шарттар мен жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді сүйемелдеу мүмкіндіктері егжей-тегжейлі таныстырылды.

«Қытай экономикалық кереметі» тәжірибесі жаңа қала үшін

Сапар аясында қазақстандық делегация Шэньчжэнь қаласының 45 жыл ішінде шағын елдімекеннен 17 миллионнан астам халқы бар әлемдік инновациялық орталыққа айналған тәжірибесін ерекше назарға алды. Huawei, Tencent, DJI және BYD сияқты ірі компаниялардың штаб-пәтерлері орналасқан бұл мегаполистің үздік тәжірибелері Alatau City-ді салу және оны цифрлық басқару барысында белсенді түрде қолдану жоспарланып отыр.

Роудшоу барысында қазақстандық тарап Қытайдың ірі корпорацияларының басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Олардың қатарында Ping An Group, China Resources, CSCEC International, Funde-Gemdale Group, CIMC, Sunwah Group және SINOMACH Hainan Development компаниялары бар.

Стратегиялық келісімдер және негізгі бағыттар

Келіссөздердің тікелей нәтижесі ретінде ынтымақтастық туралы 24 келісімге қол қойылуы болды. Тараптар жалпы инвестициялық әлеуеті 6 млрд АҚШ долларына дейін жететін өнеркәсіп, энергетика, логистика, жоғары технологиялар және цифрлық экономика салаларында бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде уағдаласты.

Атап айтқанда, құжаттар жаңа буындағы аккумуляторлар мен энергия сақтау жүйелерін локализациялау саласындағы әріптестікті бекітеді. Сондай-ақ заманауи ауыл шаруашылығы техникасын өндіру, электр көлігін дамыту және қуаттау инфрақұрылымын құру бойынша келісімдерге қол қойылды. Қытай компаниялары өнеркәсіптік кәсіпорындар, энергетикалық нысандар, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылым салу, сондай-ақ Smart City озық технологияларын енгізу жобаларына қатысады.

Халықаралық бизнестің Қазақстандағы жаңа қалаға қызығушылығының артуы Шэньчжэньдегі роудшоудың табысты аяқталуының дәлелі. Инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыс келесі кезеңде — Гонконгта жетекші қаржы ұйымдары, банктер және технологиялық корпорациялар қатысатын болашақ іскерлік іс-шаралар аясында жалғасады.

 

Соңғы жаңалықтар