Шрифт өлшемі:

Alatau City Authority мен «Бәйтерек» холдингі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты кеңейтуде

Alatau City Authority Бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров пен «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Алатау қаласының аумағында іске асырылатын инвестициялық жобаларды қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық перспективаларын, сондай-ақ мемлекеттік қолдау және «Бәйтерек» холдингінің даму институттарымен өзара іс-қимыл жасау тетіктерін талқылады.
10.07.2026

Әлішер Әбдіқадыров Қазақстан Республикасының «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңы шеңберінде іске асырылатын Алатау қаласын дамыту тұжырымдамасын ұсынды. Арнаулы құқықтық режим инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеудің заманауи тетіктерін, арнайы салықтық және реттеушілік режимдерді, сондай-ақ инвестицияларды қорғаудың халықаралық кепілдіктерін көздейтіні атап өтілді.

Alatau City аумағындағы жобаларды қаржыландыруға «Бәйтерек» холдингі даму институттарының қатысу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өнеркәсіп, логистика, цифрлық экономика, қалалық инфрақұрылым, инновациялар және жоғары технологиялар салаларындағы жобаларды іске асыру үшін қолданыстағы қаржы құралдарын қолдану мүмкіндіктері қаралды. Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын енгізуді, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды және жоғары технологиялық бизнес үшін жағдайлар жасауды қоса алғанда, қаланы дамытудың негізгі бағыттары таныстырылды.

Бүгінгі таңда Alatau City-де 51 мыңнан астам жұмыс орнын құру әлеуеті бар, жалпы құны 2 трлн теңгеден асатын 53 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Қытайдағы халықаралық роуд-шоу қорытындысы бойынша Alatau City инвестициялық портфелінің 5 трлн теңгеге дейін ұлғаюы күтілуде. Тараптар «Бәйтерек» холдингінің даму институттарының құралдарын пайдалана отырып, жалпы құны 138,6 млрд теңгені құрайтын төрт басым жобаны қаржыландыру мүмкіндігін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Alatau City Authority мен «Бәйтерек» холдингі инвестицияларды тарту, инвестициялық жобаларды қаржылай қолдау және Алатау қаласының орнықты дамуына бағытталған бастамаларды бірлесіп іске асыру саласындағы ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуды көздейтін Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Соңғы жаңалықтар