Шрифт өлшемі:

Alatau City Гонконгпен ынтымақтастықты кеңейтуде: бір күнде алты келісімге қол қойылды

Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданындағы жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ қаржы, технология және инновациялар салаларындағы өзара байланысты кеңейту мәселелерін талқылады.
11.06.2026

Сапардың негізгі іс-шараларының бірі Alatau City Roadshow in China инвестициялық дөңгелек үстелі болды. Ол Гонконгтың жетекші инвестициялық қорларының, қаржы институттарының, технологиялық компанияларының және бизнес қауымдастықтарының өкілдерін біріктірді. 

Қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылып жатқан Қазақстанның жаңа экономикалық өсу орталығы – Alatau City жобасының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Қаланың арнайы құқықтық режиміне, инвесторларды қолдау тетіктеріне, сондай-ақ қаржы технологиялары, жасанды интеллект, Web3 индустриясы және инновациялық қалалық инфрақұрылымды дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды.

Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Қанат Бозымбаев Қазақстанның Гонконгты Азиядағы жетекші халықаралық қаржы орталықтарының бірі әрі инвестициялар, технологиялар мен басқарушылық құзыреттерді тартудың маңызды алаңы ретінде қарастыратынын атап өтті. 

«Гонконг әлемдік қаржы жүйесінде ерекше орын алады және халықаралық инвестициялар, капиталды басқару мен трансшекаралық жобаларды іске асырудың негізгі орталықтарының бірі болып қала береді. Сондықтан біз үшін Алатау жобасын Гонконгтың инвестициялық және іскерлік қауымдастығына таныстыру маңызды. Қазақстан тарихында алғаш рет Гонконгта қолданылатын тәсілдерге үндес арнайы құқықтық режимі бар қала құрылып жатыр. Оның негізінде түсінікті ережелер, инвесторлардың құқықтарын қорғау және реттеудің үздік халықаралық стандарттары жатыр», – деді Қанат Бозымбаев.

Өз кезегінде Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли Қазақстанның даму қарқынына жоғары баға беріп, екі тараптың іскерлік ортасы арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қолдау білдірді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Alatau City Authority мен халықаралық компаниялар арасында цифрлық технологиялар, инновациялар және инвестициялар салаларында алты келісім мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Негізгі серіктестердің бірі ретінде AliPay цифрлық төлем экожүйесін дамытатын Ant Group құрамындағы технологиялық компания – ANT Digital Technologies шықты. Компания Alatau City аумағында цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және заманауи финтех-шешімдерді енгізуге қатысу мүмкіндіктерін қарастыруда.

Маңызды нәтижелердің бірі Web3 технологиялары мен цифрлық активтер саласындағы жетекші халықаралық ұйымдардың бірі – Solana Foundation-мен келісімге қол қою болды. Тараптар Alatau City инновациялық экожүйесін дамыту, технологиялық стартаптарды қолдау, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және блокчейн технологиялары бойынша мамандар даярлау бағытында ынтымақтасуға келісті.

Сонымен қатар роуд-шоу аясында Dasco Capital мен Templewater арасында Қазақстан мен Орталық Азиядағы жобаларды қаржыландыру үшін бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру туралы меморандумға қол қойылды. Alatau City жобалары жаңа қордың басым инвестициялық бағыттарының бірі ретінде айқындалды.

Іскерлік бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігі қазақстандық делегацияның Гонконгтың ірі инвестициялық және девелоперлік компанияларының басшыларымен кездесуі болды. Олардың қатарында Henderson Land, Far East Consortium, Sunwah Group, Bosera Asset Management және өңірдің басқа да жетекші корпорациялары бар. Халықаралық бизнес өкілдері Alatau City аумағында бірлескен жобаларды іске асыруға және серіктестікті дамытуға қызығушылық танытты.  

Гонконгқа жұмыс сапары Alatau City жобасын халықаралық деңгейде дамытудағы маңызды кезеңге және Alatau City Roadshow in China іс-шаралар сериясының жалғасына айналды. Қол жеткізілген келісімдер Қазақстанның жаңа қаласының стратегиялық жобаларын жүзеге асыру үшін инвестициялар, технологиялар және жаһандық серіктестер тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

 

Дереккөз: PrimeMinister.kz

 

Соңғы жаңалықтар