Шрифт өлшемі:

Alatau City озық даму аймағы мәртебесіне ие болды. Инвесторлар мен тұрғындар үшін не өзгереді?

2025 жылғы 26 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алатау қаласын дамыту мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды.
08.10.2025

Құжатта стратегиялық бағыттар айқындалған: Қазақстанның инновациялық экономикасын нығайту, жоғары технологиялық салаларды дамыту және Alatau City қаласын халықаралық деңгейдегі іскерлік пен технологиялық белсенділік орталығына айналдыру.

Жарлыққа сәйкес қалаға озық даму қаласы мәртебесі берілді.

Жарлықтың маңызды шешімдерінің бірі – Үкімет, Ұлттық банк, жергілікті атқарушы органдар, қазақстандық саяси және экономикалық қайраткерлер мен халықаралық сарапшылардың өкілдерін біріктіретін стратегиялық орган – Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесті құру болды. Кеңес инвестициялық және инновациялық жобаларды бекітеді, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылап, ұзақ мерзімді даму саясатын қалыптастырады.

Бұдан бөлек, Alatau City Authority мемлекеттік қоры құрылатын болады. Бұл — жобаларды іске асыруға, инфрақұрылымды үйлестіруге және қаланы халықаралық деңгейде ілгерілетуге жауапты басқарушы құрылым. AСА-ның жоғары басқару органы Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес болады. 

Келесі маңызды қадам – Alatau City-дің арнайы мәртебесі туралы Заңды әзірлеу.

Бұл құжат инвестициялар, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, Smart City, болашақтың көлік жүйелері, энергетика және экология салаларындағы реттеу ерекшеліктерін айқындайтын болады.

Негізінде, бұл заң — өмірдің барлық саласына инновациялар енгізілетін болашақ қаласының құқықтық негізіне айналады.

Аталған заң 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне енгізілуі тиіс.


2026 жылдың 1 қыркүйегіне қарай Alatau City қаласының арнайы мәртебесінің құқықтық режимі тұжырымдамасын бекіту жоспарлануда. Бұл құжат жаңа реттеу үлгісінің негізіне айналады. Онда өзара іс-қимыл қағидаттары, реттеу тетіктері және қала дамитын бірыңғай ережелер айқындалады.

Alatau City-дің арнайы құқықтық режимін жетілдіру мәселесі пысықталуда. Бұл бағыттағы жұмыс Астана халықаралық қаржы орталығының қызмет ету режимін кеңейту, сондай-ақ инвестицияларды құқықтық қорғаудың тиімділігін арттыруға бағытталған қосымша шараларды енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады.

Инвесторлар үшін бұл - шешімдердің болжамдылығын, институционалдық кепілдіктерді қамтамасыз ететін айқын құқықтық жүйе дегенді білдіреді. Мұның барлығы Alatau City жобасына деген сенімнің және оның ұзақ мерзімді тұрақтылығының іргетасына айналады.

Соңғы жаңалықтар