Alatau City қаласын дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті

Институционалдық база және қаланың арнайы мәртебесі
Кеңес мүшелері институционалдық базаны әзірлеу жұмыстарын, сондай-ақ 2025 жылдың 26 қыркүйегіндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарғысы аясында инфрақұрылым салу және инвестиция тарту шараларын талқылады. Бұл жарлыққа сәйкес Alatau City даму қарқыны озық қала мәртебесіне ие болған еді.
Сонымен қатар Alatau City Authorityдің, яғни қаланың арнайы мәртебесін іске асыруға арналған негізгі жобалар мен құралдарды басқару үшін құрылған жаңа мемлекеттік қордың қызмет мәселелері қарастырылды. Қор инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыру, инвесторларды сүйемелдеу, заманауи басқару стандарттарын енгізу және Alatau City даму жобаларын басқарумен айналысады.
Кеңес мүшелері «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы қалай әзірленіп жатқандығын баяндады. Негізгі бағыттар – жеке реттеушілік және әкімшілік экожүйе құру, құқықтық және басқарушылық инновацияларды енгізу, мемлекеттік сервистердің цифрлық интеграциясы. Құрылыс, энергетика, экология, көлік және ТҮКШ салаларында халықаралық стандарттарды, соның ішінде «ақылды қала» технологияларын енгізу мәселелері де қарастырылуда. Инвесторларға кепілдіктер мен қолайлы жағдай жасау шаралары көзделген. Сондай-ақ робототехника және цифрлық активтер айналымын реттеу маңызды бағыттардың қатарында.
Инфрақұрылым: Жол картасы және алғашқы нысандар
Кеңес мүшелері инженерлік-инфрақұрылымдық жобалардың Жол картасын қарастырды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, салалық желілерді жоспарлау схемалары бекітіліп, жобалау және құрылыс бойынша алғашқы 30 нысан анықталған.

Келер жылы қолданыстағы нысандарды қайта жаңғырту және жаңа инфрақұрылымдық объектілерді салу жоспарлануда: қосалқы станциялар, су алу торабы, газ құбырлары, кәріз тазарту жүйелері, автожолдар және т.б. Жобаларды іске асыру үшін «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» Ұлттық жобасының тетіктері пайдаланылмақ. Сонымен қатар, қаржыландыруды қоса алғанда барлық кезеңдерге мердігер жауап беретін EPC+F құралдарын қолдану мүмкіндіктері қарастырылуда.
Экономикалық даму және жаңа инвестициялар
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласының ағымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
- Алатау қаласының бюджеті үш есеге өсіп, 8,8 млрд теңгеге жетті;
- 10 айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 17%-ға артып, 115,6 млрд теңгені құрады;
- Инвестиция көлемі 13%-ға өсіп, бүгінде шамамен 46,4 млрд теңгеге жетті;
- 21 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 41 инвестициялық жоба қамтылған;
- Сомасы 1 трлн теңгені құрайтын 18 жоба жүзеге асырылуда (PepsiCo, United Hygiene, «Молочная долина», АСП арена, QazQon Hub, АВЗ, Исткомтранс сияқты басқа да ірі компаниялардың логистика, АӨК, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жаңа өндіріс орындары).
Ең ірі АЭА құру және индустриялық кластерлерді дамыту
Жалпы ауданы 97,9 мың гектарды құрайтын еліміздегі ең ірі Аlatau АЭА құру жұмыстары жүргізілуде. Оның 24 мың гектардан астамы қала сыртында орналасқан және АӨК өнімдерін қайта өңдеудегі маңызды жобаларды қамтиды. Осы өндіріс орындарына кепілдіктерді сақтау және жаңа кәсіпорындарды іске қосу мақсатында жаңа өнеркәсіптік-логистикалық АЭА құру жөніндегі әкімдіктің ұсыныстары қаралды. Болашақта бұл Алматы облысында индустриялық, логистикалық, туристік және энергетикалық кластерлердің дамуына ықпал етеді.

Бас жоспар: архитектура, көлік және Gate District-ті дамыту
Кеңес отырысы барысында қаланың сәулеттік дамуына ерекше назар аударылды. «Caspian Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай Gate District бизнес ауданын дамыту жобасын және Iconic building нысанын таныстырды. Оның құрылысы туралы келісім 2025 жылдың қыркүйек айында Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі аясында Қ-Ж. Тоқаев пен Си Цзиньпиннің арасында жасалған.
2025 жылы жалпы көлемі 103 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгендігі атап өтілді.
Сонымен қатар қалада дизайн-код пен кешенді көлік схемасы әзірленіп жатыр. Бұл жобалар халықаралық сарапшылардың қатысуымен және әлемдік мегаполистердің тәжірибесіне сүйеніп жасалынуда.
Премьер-министрдің тапсырмалары
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр профильдік министрліктер мен Алматы облысының әкімдігіне Alatau City дамуының негізгі бағыттарын сапалы жүзеге асыру және жұмысты жеделдету жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Дереккөз: primeminister.kz