Alatau City қаласында KAIST жетекші технологиялық университетінің филиалы ашылады

Неліктен KAIST?
KAIST (Korea Advanced Institute of Science and Technology, яғни Кореяның алдыңғы қатарлы ғылым және технология институты) — Корея Республикасындағы жетекші зерттеу университеті, инженерлік-технологиялық білім беру саласындағы әлемдік деңгейдегі басты орталықтардың бірі ретінде танылған.
Бұл университетті жиі мемлекеттің «инженерлік орталығы» деп атайды. Дәл осы оқу орнының жинақтаған тәжірибесі Оңтүстік Кореяның қуатты технологиялық серпіліс жасауына негіз болды. Samsung және Hyundai сынды ірі компаниялардың негізгі ғылыми серіктесі бола отырып, KAIST іргелі ғылым мен нақты өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз етеді.
Бүгінде KAIST жасанды интеллект, робототехника, жаңа материалдар және жасыл энергетика сияқты ең сұранысқа ие салалар бойынша мамандар даярлайды. Осы сыналған модельді Alatau City қаласында енгізу Қазақстанда болашақ мамандарды даярлауға арналған толыққанды инновациялық экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
KAIST Kazakhstan жобасының іске асырылуы
Қазақстанда KAIST филиалын құруға қатысты негізгі мәселелер ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды. Кеңеске Alatau City Authority мемлекеттік қоры бас атқарушы директоры аппаратының кеңесшісі Елена Те, сондай-ақ KAIST Kazakhstan жобасының жетекшілері Дана Молдақұлова мен Данияр Ануарұлы қатысты.

Кездесу барысында негізгі назар техникалық-экономикалық негіздемеге (ТЭН) аударылды. Аталған құжатты әзірлеу жұмыстары қазіргі уақытта аяқталу кезеңіне жақындады. ТЭН болашақ университеттің тұтас моделін қалыптастырады: академиялық құрылым мен ғылыми-зерттеу бағыттарынан бастап, зертханалық инфрақұрылымға қойылатын нақты талаптарға дейін қамтиды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл үдерісті жүйелі жүргізіп, жобаны ұлттық ғылыми-білім беру экожүйесіне интеграциялауды қамтамасыз етуде.

Халықаралық келісімдер және алғышарттар
Ағымдағы жұмыстардың негізін құраған – 2025 жылдың 22 желтоқсанында Корея Республикасында Alatau Rise бастамасы аясында қол жеткізілген келісімдер. Сол кезде KAIST басшылығымен және Корея Президентімен өткен ресми кездесудің қорытындысы бойынша филиал құрудың негізгі параметрлерін бекітетін хаттамаға қол қойылды.
Аталған сапар барысында корей тарапына Alatau City қаласын дамытудың мастер-жоспары және K-Park технологиялық паркі тұжырымдамасы таныстырылды. Шетелдік серіктестер жобаның жүйелі тәсілін жоғары бағалап, университет кампусы салынып жатқан қалалық академиялық кластердің негізгі элементтерінің бірі болатынын растады.
Жобаның болашағы
KAIST Kazakhstan филиалының ашылуы Alatau City қаласының білім, ғылым және жоғары технологиялы кадрларды тартатын жаңа орталық ретінде дамуына ықпал етеді. Бұл жоба қалада халықаралық ғылыми және технологиялық үдерістермен ықпалдасқан, жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған тұрақты әрі заманауи академиялық ортаны қалыптастырады.
Дереккөз: www.gov.kz