Alatau City үшін Оңтүстік Корея тәжірибесі: Қазақстан делегациясының жұмыс сапарының қорытындылары

Жұмыс тобының құрамына Alatau City Authority мемлекеттік қорының басшысы Әлішер Әбдіқадыров, Мәжіліс депутаттары Екатерина Смышляева, Берік Бейсенғалиев және Абзал Құспан, ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Асет Масабаев, сондай-ақ Alatau City Authority, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және «Almaty Region Master Plan» ЖШС сияқты салалық мемлекеттік және сараптамалық ұйымдардың өкілдері кірді.

Инчхон еркін экономикалық аймағы (IFEZ): ЕЭА-дан AI City моделіне дейін
2003 жылы құрылған Инчхон еркін экономикалық аймағы бүгінде еркін экономикалық аймақ пен «смарт қаланың» бір басқарылатын кеңістікте табысты әрі тұрақты дамуының озық үлгісі ретінде қарастырылады.
Қазақстандық делегация IFEZ құрылымын жан-жақты зерттеді. Аймақ нақты мамандандырылған үш негізгі кластерге бөлінген:
- Сондо – халықаралық бизнес, IT және биомедицина;
- Йонджон – логистика, авиациялық сервистер және туризм;
- Чхонна – қаржы және ойын-сауық индустриясы.
Мұндай модель әрбір кластер айналасында қуатты экожүйелер қалыптастыруға мүмкіндік береді және Samsung, SK, Johnson & Johnson, Boeing сынды жаһандық алпауыттарды тартуға жол ашады.
Корея тәжірибесін талдау нәтижесінде аумақтық мамандану аудандар арасындағы ішкі бәсекені төмендетіп, нақты салаларға бағытталған ынталандыру шараларын тиімді іске асыруға жол ашатынына көз жеткізілді.
Бұл тәсіл Alatau City-дің бас жоспарында да тікелей көрініс тапқан. Қала төрт дербес тақырыптық дистриктке бөлінеді, олардың әрқайсысының өзіндік миссиясы бар:
- Gate District – қаланың ашықтығы мен халықаралық ынтымақтастыққа ұмтылысын білдіретін қаржы-әкімшілік орталық;
- Golden District – білім беру, медицина және ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған, инновацияға қолайлы орта қалыптастыратын кластер;
- Growing District – экспортқа бағдарланған интеграцияланған өнеркәсіптік және логистикалық аймақ;
- Green District – қалалық орта мен табиғатты үйлестіретін рекреациялық және туристік кластер.
IFEZ үлгісі бойынша Alatau City-де дистрикттерге стратегиялық бөліну көлік ағындарын теңгерімді бөлуге және бір мегаполис шеңберінде автономды экономикалық орталықтар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тұрақты урбанистік даму үшін аса маңызды.

Жұмыс тобы үшін ерекше қызығушылық тудырған бағыттардың бірі – кореялық әріптестердің 2026 жылдан бастап классикалық Smart City тұжырымдамасынан AI City моделіне көшуі болды. Бүгінде Инчхонның цифрлық «миы» IoT-сенсорлардан деректерді жинап қана қоймай, жасанды интеллект алгоритмдері арқылы тұрғындардың қажеттіліктерін алдын ала болжап, оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Инчхонда инвестиция тартудың маңызды тетіктерінің бірі – Freedom of Business қағидаты. Бұл бір аймақ аясында бизнестің толық циклін орналастыруға, сондай-ақ жаңа технологияларды сынақтан өткізу үшін реттеуші «sandbox» режимдерін қолдануға мүмкіндік береді.
Аталған тәсілдердің Alatau City-де ашық әрі икемді инвестициялық орта қалыптастыруда маңыздылығы зор.
Қазіргі таңда «Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын дайындау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл заң ерекше құқықтық режимді бекітіп, басқару мен бизнесті жүргізудің үздік халықаралық тәжірибелерін енгізуге қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.
«Тәжірибелік орталық» экожүйесі және Седжонның технологиялық егемендігі
Кореяның жаңа әкімшілік орталығы – Седжон қаласына сапар барысында делегация қала дамуының халықты орталықсыздандыру құралы ретіндегі әлеуетімен танысты. 500 мың тұрғынға есептелген бұл жоба бүгінде қорытынды кезеңіне жақындап қалды.
Седжон «смарт қала» ретінде бос аймақта салынған. Қаланың жоспарлау тұжырымдамасы бірегей сақиналы құрылымға негізделген: аумақтың 50%-дан астамын жасыл аймақтар алып жатыр, ал әкімшілік, білім беру және тұрғын үй функциялары өзара тығыз интеграцияланған.
Қаланың интеграцияланған басқару орталығы Седжон сапарының негізгі нысандарының бірі болды. Делегация мүшелеріне жоғары өнімді графикалық процессорлармен (GPU) жабдықталған ірі дата-орталықтың жұмысы көрсетілді. Бұл ресурстар «физикалық жасанды интеллект» жүйелерін оқыту үшін пайдаланылады. Аталған жүйелер роботтандырылған шешімдер арқылы нақты қалалық ортамен өзара байланысқа түседі. Көрнекі мысал ретінде қаланың архитектуралық және кеңістіктік ерекшеліктеріне бейімделген GARO және SERO типті роботтар ұсынылды.

Қалалық ортадағы инновациялар: CleanNet және энергия үнемдйтін құрылыс
Alatau City үшін келешегі зор технологиялардың бірі – Седжон қаласында табысты іске асырылған CleanNet үлгісіндегі жерасты вакуумдық қоқыс жинау жүйесі. Бұл жүйеге сай тұрғын аудандары қоқыс таситын көліктерді пайдаланудан толықтай бас тартқан. Қалдықтар арнайы қабылдау люктері арқылы жиналып, ауа қысымы көмегімен жерасты құбырлары арқылы орталық өңдеу станциясына жеткізіледі.
Alatau City үшін бұл шешім «таза қала» қағидатын бастапқы кезеңнен енгізуге мүмкіндік береді. Егер бүгінде Алматы Қазақстандағы ауасы ең ластанған қала ретінде танылса, Alatau City-де бұл мәселені болдырмау алдын-ала жоспарланып отыр. Ауыр арнайы техникалардан бас тартып, жерасты вакуумдық жүйені қолдану тұрғын үйлердегі қоқыстарды едәуір азайтып, шу мен жағымсыз иістерді жоюға мүмкіндік береді.
Сапар барысында энергияны үнемдейтін тұрғын үй құрылысына да ерекше назар аударылды. Оңтүстік Кореядағы Zero-Energy Building пилоттық жобалары мысалында ғимараттарды пайдалану шығындарын азайтатын, сонымен қатар өмір сүруге жайлы орта қалыптастыратын BEMS энергияны басқару жүйелері мен ауа сапасын бақылау сенсорларының тиімділігі көрсетілді. Мұндай шешімдерді Alatau City-де де енгізу жоспарланып отыр, себебі экологиялық тиімділік әрі пайдалану шығындарын төмендету қалалық ортаның базалық сапа стандарттары ретінде қарастырылады.
Hyundai Green Food-пен ынтымақтастық және «ақылды ғимараттар» тәжірибесі
Сапар барысында Hyundai Green Food компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жоспарға сәйкес, Alatau City аумағында өзінің көлік-логистикалық инфрақұрылымы бар өндірістік кешен салу жоспарланып отыр. Бұл жоба Growing District аясында жүзеге асырылып, тамақ дайындау мен жеткізудің заманауи стандарттарын енгізуге және Alatau арнайы экономикалық аймағында жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Кореялық тарап өндірісті автоматтандыру және өнім сапасы мен қауіпсіздігін цифрлық бақылау бойынша практикалық шешімдерін ұсынды.

Сонымен қатар Naver компаниясының 1784 кампусы мысалында заманауи жұмыс кеңістіктері зерттелді. Бұл ғимаратта архитектуралық және инженерлік шешімдер сервистік роботтарды пайдалануға бастапқыдан бейімделген. Роботтар ғимарат ішінде еркін қозғалып, жұмыс үдерістерін бұзбай көмекші функцияларды орындайды. Мұндай тәсіл Alatau City-дегі бизнес-орталықтар мен инновациялық аймақтарды жобалау үшін бағдар ретінде қарастырылуда.

Делегация Samsung компаниясының демонстрациялық және көрме кеңістіктерін де аралап, жасанды интеллект пен жоғары технологиялық өндіріс саласындағы шешімдермен танысты. Жұмыс тобы экожүйе қалыптастыру тәсілін зерделеді, оның аясында ірі корпорациялар мен стартаптар қатар дамиды.

Соннам: табысты серік-қала үлгісі
Сапар бағдарламасының маңызды бөлігі Соннам қаласы мен Pangyo Techno Valley инновациялық орталығымен танысу болды. Бұл – Оңтүстік Кореядағы ең ірі IT-кластер, мұнда жетекші технологиялық корпорациялардың кеңселері мен дамыған стартап экожүйесі шоғырланған.
Соннам тәжірибесі серік-қаланы дербес жоғары технологиялық орталыққа айналдыру нақты позициялау, R&D құзыреттерін шоғырландыру және мамандар үшін жайлы орта қалыптастыру арқылы мүмкін екенін көрсетеді. Осындай модельді Alatau City-де де іске асыру жоспарланып отыр, мұнда өзіндік инновациялық және кадрлық экожүйе қалыптастырылады.
Талдау және тұрақты шешімдерді қабылдау
Жұмыс сапары кореялық тәжірибені терең зерделеуге және Alatau City құрылысы үшін пайдалы идеяларды іріктеуге мүмкіндік берді. Делегация мүшелерінің айтуынша, бұл жаңа қаланы салу барысында қолданылатын шешімдердің артықшылықтарын алдын ала бағалап, ықтимал қателіктерден сақтануға мүмкіндік береді.
«Alatau City бастапқыдан-ақ жаңа буын қаласы ретінде жобалануда, мұнда инфрақұрылымдық қателіктерді алдын-ала болдырмау тиіспіз», – дейді Alatau City Authority CEO-сы Әлішер Әбдіқадыров. – «Біз цифрлық басқару эксперимент емес, стандарт болып саналатын көшбасшылардың тәжірибесіне сүйенеміз. Бізді ең алдымен дайын алгоритмдер қызықтырады: жаппай құрылыс басталмай тұрып-ақ логистика мен коммуналдық желілердің жұмысын код пен техникалық деңгейде қалай автоматтандыруға болады? Кореяның техноқалаларын зерттей отырып, біз Alatau City-дің бас жоспарына дәл қазір қандай параметрлерді енгізу қажет екенін түсіндік. Бұл – алдын ала жасалатын жұмыс: біз тиімді басқарылатын ортаны жобалап жатырмыз», – деп толықтырды.
Әлемдік тәжірибені зерделеу – ауқымды аналитикалық жұмыстың бір бөлігі ғана. Мұндай тәсіл Alatau City-дің тұрғындар мен бизнес үшін ұзақ мерзімді жайлылыққа бағытталған заманауи даму стратегиясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.