Alatau City жаңа Конституциялық заң аясында қалай дамиды? ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясының қорытындылары
Кездесу барысында спикерлер арнайы құқықтық режимді енгізу, институционалдық өзгерістер, бюджет саясаты және ауқымды халықаралық инвестицияларды тарту мәселелері туралы жан-жақты баяндады. Бұл бастамалар Alatau City-ді Орталық Азияның жетекші экономикалық және технологиялық орталығына айналдыруға бағытталған.
Ұзақ мерзімді жоспарлау және инвесторларға арналған «бір терезе» қағидаты
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Alatau City-де әлемнің жетекші экономикалық орталықтарының тәжірибесіне сүйене отырып, ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау мен инвесторларға арналған тиімді «бір терезе» қағидатын енгізу жоспарланып отыр.
Ең маңыздысы, «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңды әзірлеу барысында халықаралық арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтардың тәжірибесі жан-жақты зерттелді. Сәтті де, сәтсіз де мысалдар қатар қарастырылып, шетелдік тәжірибедегі қателіктерді қайталамауға және қаланың тұрақты әрі тиімді даму моделін қалыптастыруға негіз жасалды.
Әлемдік статистикаға сәйкес, соңғы 10 жылда әлемдегі арнайы экономикалық аймақтардың шамамен 60%-ы шамадан тыс бюрократия, инфрақұрылымның жеткіліксіз қаржыландырылуынан, дербес құқықтық реттеу тетіктерінің болмауы салдарынан тиімсіз болған. Осы жүйелі қателіктердің алдын алу үшін Alatau City туралы Конституциялық заңда тұрақты институционалдық орта қалыптастырудың халықаралық тәсілдері ескерілді. Бұл орта жедел экономикалық даму мен капитал тартуға толық бағытталған.
Атап айтқанда, Сингапур тәжірибесіне сүйене отырып, Alatau City-дің стратегиялық құжаттарын 30 жылға дейінгі ұзақ мерзімге қабылдау жоспарланған. Бұл құжаттарға өзгерістер 5–10 жылда бір рет қана енгізу көзделіп отыр. Бұл инвесторларға тұрақтылық пен болжамдылық берсе, қала үшін орнықты дамуды қамтамасыз етеді.
Дубайдың арнайы экономикалық аймақтарының табысты үлгісі негізінде Alatau City-де «бір терезе» механизмі енгізіледі. Осы жүйенің арқасында мемлекеттік қызмет көрсету, бизнес-лицензиялар беру және инвестициялық преференциялар ұсыну үдерісі жылдам әрі тиімді жүзеге асырылады.
Жаңа Конституциялық заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап бір жыл ішінде кезең-кезеңімен күшіне енеді. Бұл тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау қажеттілігінен туындап отыр.
Alatau City Authority мемлекеттік орган мәртебесіне ие болады
Alatau City-ді басқарудағы маңызды кезеңдердің бірі институционалдық трансформация болмақ.
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап «Alatau City Authority» мемлекеттік қоры толыққанды мемлекеттік орган мәртебесіне ие болады. Оның негізгі міндеті - арнайы құқықтық режим аясында қаланың жедел дамуын қамтамасыз ету. Бұл туралы баспасөз конференциясында ұйымның CEO-сы Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді. Еске салсақ, қор өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығын орындау барысында құрылған болатын.
Негізгі стратегиялық шешімдер мен нормативтік-құқықтық актілерді бекіту Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің төрағалығымен жұмыс істейтін Алатау қаласы Кеңесінің құзыретінде болады.
Ал реформаланған ACA қоры қаланы дамытуға бағытталған операциялық қызмет көрсетумен айналысады. Ал жергілікті мәслихат пен Alatau City әкімдігі әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық өмірді қамтамасыз етуге қатысты ағымдағы мәселелерді шешу бойынша өз өкілеттіктерін толық сақтап қалады.
Alatau City-де арнайы бюджеттік режим енгізіледі
Қалада арнайы құқықтық режим шеңберінде ерекше бюджеттік механизм іске қосылады.
Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламаларды басқарады, ал қаржыландыру блоктық қаржыландыру тетігі арқылы қалыптасып, қалалық инфрақұрылымды тұрғызу мен модернизациялауға басымдық береді.
Alatau City-дің жергілікті бюджеті әлеуметтік және ағымдағы шығыстарды қаржыландыруға мақсатты түрде пайдаланылады.
Қала толық қаржылық дербестікке қол жеткізгенге дейін басқа бюджеттерге қаражат алуына шектеу қойылады.
2 трлн теңгелік ауқымды инвестициялық пул
Alatau City-де ауқымды инвестициялық база қалыптастыру жалғасуда. Қазіргі таңда оған жалпы инвестиция көлемі 2 трлн теңгеден асатын 53 жоба кіреді. Бұл жобалар 51 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Негізгі серіктестер мен флагман жобалардың қатарында Iconic Complex, Joby Aviation, AutoFlight, Mars, PepsiCo, KAIST университеті, Hyundai Green Food және Khan Tengri Biopharma бар.
Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, Alatau City цифрлық экономика мен жоғары технологиялық салаларға басымдық берілген Орталық Азиядағы жаңа технологиялық әрі инвестициялық платформа ретінде қалыптасып келеді. Инвестициялық базаны жүзеге асыру өңірдің экономикалық дамуын жеделдетіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.
Жасанды интеллект пен әуе мобильдігін енгізу
Alatau City даму тұжырымдамасы жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдана отырып, қаланың цифрлық егізін (Digital Twin) құру бойынша озық халықаралық тәжірибелерді енгізуді көздейді. Бұл инженерлік және қалалық инфрақұрылымды нақты уақыт режимінде басқаруға, шешім қабылдау тиімділігін арттыруға, сондай-ақ цифрлық деректер экономикасын дамытуға негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жүйенің алғашқы элементтерін іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Болашағы бар бағыттардың бірі — қалалық әуе мобильдігін дамыту. Еске салсақ, 19 мамыр күні Alatau City-де қазақстандық AAAG компаниясы мен қытайлық AutoFlight бірлесіп ұйымдастырған аэротаксидің демонстрациялық ұшулары сәтті өтті. Alatau City Authority өкілдері бұл технологияларды енгізу Қазақстанның технологиялық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.