Alatau City жобасының инвестициялық мүмкіндіктері Оңтүстік Кореяның бизнес өкілдеріне ұсынылды

Іс-шара энергетика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, қаржы және технология салаларындағы 50-ге жуық кореялық компания өкілдерін біріктірді.

«Алатау қаласының мегажобасы: кореялық бизнеске арналған мүмкіндіктер» атты үшінші сессия толықтай қаланың инвестициялық әлеуетіне арналды. Сессия модераторы ретінде KPMG Korea компаниясының серіктесі әрі цифрлық трансформация бағытының жетекшісі Пак Мун Гу сөз сөйледі. Ол Alatau City туралы пікірталастарға тұрақты қатысып жүрген сарапшылардың бірі. Бұған дейінгі баяндамаларында ол технологиялық компанияларды кезең-кезеңімен ынталандырудың маңыздылығына және ұшқышсыз таксиден бастап жасанды интеллект платформаларына дейінгі инновациялық шешімдерді интеграциялау қажеттілігіне бірнеше рет назар аударған болатын.
Сессия барысында Alatau City Authority ұйымының Инвестициялар және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Алмат Доскалиев кореялық аудиторияға Alatau City жобасын таныстырды. Қаланың Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы стратегиялық орналасуына ерекше назар аударылды: Alatau City-ден 5 сағаттық әуе ұшу радиусында 2 миллиардтан астам адам тұрады, ал Сеулден ұшу уақыты шамамен 5 сағат 40 минутты құрайды.

Кореялық серіктестерге қаланың арнайы құқықтық режимінің мүмкіндіктері таныстырылды. Қазақстан Республикасы Парламенті 2026 жылдың 27 наурызында қабылдаған «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң ағылшын жалпы құқығы қағидаттарын, халықаралық арбитражды, 10 жылдық реттеушілік тұрақтылықты, жылжымайтын мүлікке шетелдік меншік құқығына рұқсатты, сондай-ақ арнайы салықтық және кедендік режимді қарастырады. Қаланы басқару «бір терезе» қағидаты негізінде жүзеге асырылады.
8 мамыр күні, яғни Сеулде өткен сессиядан кейін бір күннен соң, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған Конституциялық заңға қол қойып, оған түпкілікті заңды күш берді.
Алмат Доскалиев флагмандық жобалардың қатарында Iconic Complex кешенін таныстырды: биіктігі 272 және 80 метр болатын екі ғимарат, инвестиция көлемі – 800 млн АҚШ доллары, жобалық ауданы шамамен 3 млн шаршы фут. Сәулеттік тұжырымдаманы Skidmore, Owings & Merrill әзірлеген, ал бас мердігер ретінде China State Construction Engineering Corporation компаниясы қатысады.
Alatau City таныстырылымынан кейінгі талқылауға Korea Overseas Infrastructure & Urban Development Corporation (KIND) өкілдері қатысты. Жалпы, дөңгелек үстел жұмысына Korea Exim Bank, YPP, Ofe, Doosan Enerbility, LX International, KNOC, Shinhan Securities, BNK Financial Group және басқа да кореялық компаниялар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында қазіргі және болашақ инвесторлармен бірқатар екіжақты кездесулер де өтті. Тараптар кореялық бизнестің нақты жобаларға қатысу мүмкіндіктерін, соның ішінде Alatau Smart City дамыту, жасыл энергетика саласындағы бастамаларды жүзеге асыру секілді мәселелерді талқылады. Кездесулердің қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға және жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделі екендерін растады.
