Шрифт өлшемі:

Alatau City-де Орталық Азия тарихындағы алғашқы eVTOL аэротаксиінің демонстрациялық ұшуы өтті

2026 жылдың 19 мамырында Alatau City тарихи оқиғаның алаңына айналды: Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет тік ұшып-қона алатын электрлі әуе аппараты – eVTOL-дың демонстрациялық ұшуы өтті. Бұл ұшу өңірде жаңа сала - қалалық әуе мобильділігінің (Urban Air Mobility, UAM) практикалық түрде жүзеге аса бастағанын көрсетті.
19.05.2026

Жобаны Қытай, Оңтүстік Корея, Италия және АҚШ-тағы халықаралық серіктестердің қатысуымен қазақстандық Alatau Advanced Air Group Ltd. (AAAG) жеке компаниясы жүзеге асырды. Зерттеу жұмыстарынан бастап демонстрациялық ұшуға дейінгі барлық кезеңдер жеке инвестициялар есебінен іске асырылуда. Alatau City-де қалалық әуе мобильділігі экожүйесін дамытуға салынатын инвестиция көлемі шамамен 300 млн АҚШ долларына бағаланады. 

Демонстрациялық ұшу аясында 1 пилот пен 5 жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity аппараты әуеге көтерілді. Ол сағатына 200 км-ге дейін жылдамдықпен қозғалып, бір қуаттаумен 200 км-ге дейін ұша алады. eVTOL 13 электрқозғалтқышпен жабдықталған, дыбыс деңгейі өте төмен және қоршаған ортаға зиянды газдар бөлмейді. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес алғашқы демонстрациялық ұші жолаушыларсыз өтті. 

Аэротаксидан бөлек, іс-шара барысында Keeta Drone (Қытай) және A2Z (АҚШ) жүк жеткізу дрондары, сондай-ақ Korea Airports Corporation компаниясы Shenzhen Urban Transportation Planning Center-мен бірлесіп әзірлеген UATM цифрлық навигациялық платформасы таныстырылды.  

Бұл шешімдердің барлығы бірігіп, сарапшылар «төмен биіктік экономикасы» деп атайтын жаңа қалалық саланы қалыптастырады. Ол әуе мобильділігін, дрон-логистиканы және әуе кеңістігін цифрлық басқаруды біріктіреді. Morgan Stanley сарапшыларының бағалауынша, 2040 жылға қарай әлемдік Urban Air Mobility нарығы 1–1,5 трлн АҚШ долларына жетуі мүмкін.  

Алғашқы демонстрациялық ұшуға мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысты. Олардың қатарында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қорғаныс министрінің орынбасары — Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Қайрат Садықов, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев, Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров, сондай-ақ Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов болды.

Бәрі неден бастау алды?

Alatau Advanced Air Group компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Сергей Хегай идеядан бастап Қазақстандағы алғашқы eVTOL ұшуына дейінгі жол және жоба төңірегінде халықаралық альянстың қалыптасуы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Оның айтуынша, команда қалалық әуе мобильділігі тұжырымдамасын алғаш рет 2024 жылы Оңтүстік Кореяда көрген. Осыдан кейін олар Қазақстанға оралып, UAM идеясын жүйелі түрде дамыта бастады, яғни қалалық әуе мобильділігінің нақты жағдайда қалай жұмыс істей алатынын түсіндірумен айналысты.

Қысқа уақыт ішінде АХҚО аумағында компания тіркеліп, авиация мамандары, IT-сарапшылар және халықаралық серіктестерден құралған команда жасақталды. Сонымен қатар АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Дубай және Еуропа елдерінің үздік тәжірибелерін қамтыған ауқымды зерттеу жүргізілді.

Хегайдың айтуынша, бұл тәжірибе Alatau City-ге жекелеген шешімді емес, саланы дамытудың тұтас моделін алып келуге мүмкіндік берді.

«Біздің мақсатымыз – тек технологияны енгізіп қана қоймай, сонымен қатар толыққанды индустрия құру: инфрақұрылым қалыптастыру, инженерлік әлеуетті дамыту және қазақстандық мамандар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу. Alatau City жаңадан жобаланып жатыр, бұл оның бірегей артықшылығы. Өйткені мұнда әуе мобильділігін қаланың мастер-жоспарына бастапқы кезеңнен енгізуге мүмкіндік бар. Алдағы екі жылда біз инфрақұрылымды дамытып, 2028 жылға қарай коммерциялық іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті ол.

Болашаққа лайық жобаланған қала

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жобаның инвестициялық маңызы мен оның өңірлік экономикаға ықпалына ерекше тоқталды: «Бұл жобаның елеулі көлемдегі жеке инвестициялар қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Жоспарланған шамамен 250 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржыландыру Alatau City болашағына және Қазақстанның озық авиациялық мобильділіктің өңірлік орталығы ретіндегі әлеуетіне деген жоғары сенімді көрсетеді. Бүгінде еліміз жаһандық технологиялық өзгерістерді сырттай бақылап қана қоймай, олардың белсенді қатысушысына айналып, болашақты өз қолымен қалыптастыра бастады. Бұл жоба Алматы облысына жаңа жоғары технологиялық инвесторларды тартуға қуатты серпін береді деп сенеміз», – деді ол.  

Alatau City Bank акционері Вячеслав Ким:

«2026 жылдың 8 мамырында Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Бұл – бұған дейін атқарылған ауқымды жұмыстың табысты нәтижесін бекіткен және төмен биіктік экономикасы секілді бастамаларды іске асыруға негіз болған аса маңызды кезең. Бұл – әлемдік экономиканың болашағын айқындайтын жоғары технологиялық бағыт. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында біз UAM Center Eurasia орталығын құрып, Қазақстанға әлемнің үздік технологиялық серіктестерін тарта алдық. Бұл мәселеде Қазақстан жаһандық дамудың алдыңғы қатарында келеді десек артық айтпаймыз. Мен және менің командам үшін Мемлекет басшысының стратегиялық бағыты аясында Қазақстанның әлемдегі жетекші технологиялық державалардың біріне айналуына тікелей үлес қосу – үлкен мәртебе».

Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров демонстрациялық ұшудың қалалық даму үшін стратегиялық маңызын атап өтті: «Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз – Қазақстандағы аэротаксидің алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті. Біз үшін бұл жай ғана жаңа технологияның демонстрациясы емес. Бұл – инновациялар, цифрлық трансформация және мобильділік саласындағы озық шешімдер жаңа экономикалық секторға айналатын қалалық дамудың жаңа моделіне көшу. Alatau City болашақтың аумағы ретінде құрылып жатыр. Сондықтан дәл осы жерде қалалық әуе мобильділігі мен болашақ индустрияларының дамуының бастау алуы – символдық мәнге ие», – деп атап өтті ол.

Alatau City әуел бастан Smart City қағидаттарына сай жобалануда. Мұнда көліктің жаңа түрлерін, цифрлық сервистерді және эксперименттік құқықтық режимдерді интеграциялау қарастырылған. Бұл өз кезегінде әуе мобильділігін қаланың мастер-жоспарына тікелей енгізуге мүмкіндік береді.   

Көлікті өзгертетін технология

AutoFlight компаниясының аға вице-президенті Келлен Се eVTOL-дың жай ғана жаңа көлік түрі емес, жүйелі технологиялық өзгеріс екенін түсіндірді: 

«Менің түсінігімде, бұл – дәстүрлі көлік жүйесімен қатар дамып келе жатқан үштік технологиялық революция. Біріншіден, автономдылық: eVTOL аппараттарын бортта пилотсыз пайдалануға болады – пилоттар жерде орналасып, дәл ұшу мен қонуды қамтамасыз етеді. Екінші артықшылығы – көмірқышқыл газының нөлдік деңгейі және өте қарапайым дизайн. Бұл қызмет көрсету мен пайдалануды жеңілдетеді. Үшіншіден, ұшу-қону жолағы қажет емес: кең аумақтардың қажеттілігі жоқ, сондықтан қону алаңдарын оңай салып, қаланы түрлі бағыттар арқылы байланыстыруға болады. Бүгінде eVTOL технологиялары шамамен электромобильдер 10–15 жыл бұрын болған даму кезеңінде тұр. Қазақстан бұл трансформацияға ерте кезеңде қосылып отыр. Біз Alatau City-ді аэротаксиді болашақ қалалық ортаға интеграциялауды сынақтан өткізуге болатын негізгі алаңдардың бірі ретінде қарастырамыз», – деді ол.

AAAG компаниясы AutoFlight компаниясымен V2000/V5000 сериясындағы 50 аппаратты сатып алу жөніндегі меморандумға қол қойды. Тараптар маркетинг, сату, оқыту, инфрақұрылым, жерүсті операциялары мен техникалық қызмет көрсетуді қамтитын өңірлік экожүйе құруға, сондай-ақ ноу-хау мен операциялық сараптаманы алмасуға уағдаласты.

Вертипорттар желісі: алаңнан инфрақұрылымға дейін

eVTOL аппараттарының ұшып-қонуы үшін вертипорттар пайдаланылады, бұл -  зарядтау инфрақұрылымымен және навигациялық жүйелермен жабдықталған ықшам алаңдар. Әуежайлардан айырмашылығы - оларды қалалық ортаға тікелей енгізуге болады: ғимараттардың шатырларында, көлік тораптарында және бизнес-кластерлерде орналастыру мүмкіндігі бар. Alatau City-де алғашқы вертипорттың құрылысы басталып кетті. 

AAAG компаниясының вертипорттарды жобалау жөніндегі серіктесі – италиялық UrbanV компаниясы. Оның EMEA & APAC өңірлері бойынша өкілі Эрманно Форастиере компанияның ұстанымын былай сипаттады:

«AAAG консорциумымен бірлескен бастама аясында біздің мақсатымыз тек вертипорттарды жобалаумен шектелмейді. Біз басынан бастап ауқымды әрі тиімді озық аэромобильділік экожүйені құруға үлес қосуды көздейміз. Бұл – негізгі бағыттардың барлығын қамтитын кешенді жұмыс: сұранысты талдау, бизнес-жоспарлау, инфрақұрылымды жобалау, операциялық тұжырымдамаларды әзірлеу және нормативтік-құқықтық қолдау. Біздің түпкі мақсатымыз – өңір мен оның тұрғындарына ұзақ мерзімді пайда әкелетін тұрақты әуе мобильділігі қызметін қалыптастыру», – деді ол.

Алдағы уақытта Alatau City, Алматы қаласы және Алматы облысының туристік аймақтарында вертипорттар желісін құру жоспарланып отыр. Болжам бойынша, Алматы әуежайынан Медеуге дейін аэротаксимен жету уақыты 10–12 минутты құрайды.

Цифрлық аспан: әуе ағындарын басқару

Кәдімгі инфрақұрылыммен қатар цифрлық инфрақұрылым да қатар қалыптасып жатыр. Оңтүстік Кореядағы 14 әуежайдың мемлекеттік операторы Korea Airports Corporation (KAC) UAM үшін әуе қозғалысын басқару жүйесін таныстырды. 

KAC компаниясының аға менеджері Крис Ву бұл туралы былай деді:  

«KAC қалалық аэромобильділіктің болашақ әуе трафигін басқаруға арналған UAM әуе қозғалысын басқару жүйесін әзірледі. UAM аппараттары жолаушыларды тасымалдайтын және қалалық аумақтардың үстімен ұшатын пилот басқаруындағы әуе көлігі болғандықтан, жүйелі басқару аса маңызды. Өткен жылы біз бұл жүйені Кореядағы демонстрациялық жоба аясында Joby Aviation компаниясымен бірлесіп верификациядан өткіздік. Жүйе бүкіл әуе кеңістігін – әуежай арқылы өтетін әуе кемелерін, UAM аппараттарын және дрондарды бір экранда біріктіріп басқаруға қабілетті. Себебі жақын болашақта барлық әуе көліктері бөлек жүйелер арқылы емес, бірлескен басқару аясында үйлестірілуі тиіс. Аспанның енді шекарасы жоқ. Оны бірге құрайық», – деді ол. 

Құқықтық негіз

Технологиялар енді құқықтық негізге де ие болуда. 2026 жылдың 8 мамырында Қазақстан Президенті «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Бұл заң Urban Air Mobility технологияларын енгізуге, арнайы әуе аймақтарын құруға және эксперименттік құқықтық режимді іске асыруға құқықтық негіз қалыптастырады. 

AAAG осы жоба аясында шамамен 40-қа жуық нормативтік-құқықтық актіні әзірлеуге қатысып жатыр. Іс жүзінде бұл – Alatau City-дің «әуе кодексі». Ал ұлттық авиациялық заңнамаға енгізілетін түзетулер жобасы қазірдің өзінде Мәжіліс қарауында. 

19 мамырдағы демонстрациялық ұшу – 2028 жылға жоспарланған коммерциялық іске қосудың алғашқы қадамы. Басынан бастап Smart City ретінде жобаланып жатқан Alatau City сирек кездесетін артықшылыққа ие: мұнда әуе мобильділігі дайын инфрақұрылымға кейіннен енгізілмейді, керісінше қаланың мастер-жоспарына бастапқы кезеңнен енгізіледі.

Unmanned Airspace аналитикалық платформасының болжамына сәйкес, 2029 жылға қарай әлемде 1 500-ден астам вертипорт салынады. Қазақстан осы картадағы маңызды бөліктің біріне айналуды көздеп отыр. 

 

Соңғы жаңалықтар