Алатау қаласы Кеңесі арнайы құқықтық режимді іске асыруға қатысты негізгі шешімдерді бекітті

Экономиканы жаңғыртудың берік негізі
Кеңес отырысын ашқан Премьер-министр 1 шілдеден бастап күшіне енген «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң ел экономикасын одан әрі жаңғыртуға берік негіз қалайтынын атап өтті. Осы тұрғыда Alatau City инвестиция тартудың, заманауи басқару шешімдерін енгізудің және қалалық дамудың жаңа үлгісін қалыптастырудың маңызды орталықтарының біріне айналуы тиіс.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Alatau City жобасы елдің экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің біріне айналуға тиіс. Сондықтан Алатау қаласы Кеңесінің басты міндеті – арнайы құқықтық режимнің уақтылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету», – деді Олжас Бектенов.
Alatau City Authority міндеттерінің орындалу барысы
Alatau City Authority ұйымына жүктелген міндеттердің орындалу барысы туралы ұйымның бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров баяндама жасады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қаланың нормативтік-құқықтық базасы қалыптастырылып, стратегиялық құжаттар әзірленуде, заманауи мемлекеттік басқару жүйесі құрылып жатыр. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды тарту және сүйемелдеу жұмыстары жалғасуда. Бұған қоса, қала құрамындағы Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір және Жаңаталап шағын аудандарының инженерлік және көлік инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамытылып келеді.
2026 жылдың соңына дейін халықаралық ARUP және BCG консалтингтік компанияларының қатысуымен Алатау қаласын 2055 жылға дейін дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын, Даму стратегиясын және 2040 жылға дейінгі Мастер-жоспарды әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр.

K-Smart City, AI-Driven City және Crypto City стратегиялық бастамалары
Кеңес отырысында K-Smart City, Alatau AI-Driven City және Alatau Crypto City стратегиялық бастамаларына ерекше назар аударылды.
K-Smart City жобасы Корея Республикасының тәжірибесіне негізделген «ақылды қала» технологияларын пайдалана отырып, аумағы 330 гектар болатын пилоттық өзін-өзі қамтамасыз ететін аудан құруды көздейді.
Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы қаладағы барлық процестерді нақты уақыт режимінде басқару үшін цифрлық балама, Big Data және жасанды интеллект технологияларын енгізуді қарастырады.
Ал Alatau Crypto City аясында активтерді токенизациялау жобаларын іске асыру және заманауи Web3 экожүйесін қалыптастыру жоспарланған.
Инвестициялық портфель: жалпы құны 2 трлн теңге құрайтын 53 жоба
Қазіргі уақытта Alatau City Authority жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын 53 инвестициялық жобадан тұратын портфель қалыптастырды. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде 51 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Ірі жобалардың қатарында құны 1 млрд АҚШ долларынан асатын Iconic Complex, PepsiCo, Mars және Hyundai Green Food өндірістері, Khan Tengri Biopharma биофармацевтикалық зауыты, AutoFlight және Joby компанияларымен бірлескен қалалық әуе мобильдігі жобалары, сондай-ақ KAIST университетінің кампусы бар.
Жыл соңына дейін токенизация бойынша алғашқы жобаларды іске қосу, жаңа резиденттерді тарту және виртуалды әрі нақты экономиканың бірыңғай кеңістігін қалыптастыру жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Кеңес қабылдаған шешімдер
Жиналыс қорытындысы бойынша Алатау қаласы Кеңесі арнайы құқықтық режимді одан әрі іске асыруға бағытталған бірқатар маңызды шешім қабылдады.
Alatau City Authority туралы ереже бекітілді. Құжат ұйымның құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және басқару жүйесін айқындайды. Қабылданған шешімге сәйкес, Alatau City Authority мемлекеттік қоры Алатау қаласының қызмет етуі мен дамуына жауапты арнайы басқару ұйымы – мемлекеттік орган болып қайта құрылады.
Кеңес жедел шешім қабылдауды талап ететін мәселелермен айналысатын Жедел комитетті, сондай-ақ арнайы құқықтық режим шеңберінде нормативтік-құқықтық актілерді бекіту және үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу құзыретіне ие Реттеуші комиссияны құру туралы шешім қабылдады.
Өтпелі кезеңдегі жер қатынастарына қатысты мәселелерді реттеу мақсатында Кеңес Алатау қаласы әкімдігі жанынан Жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссияны құру идеясын қолдады. Бұл комиссия қаланың Мастер-жоспары бекітілгенге дейін басым инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін болады.
Жиналысты қорытындылаған Премьер-министр мемлекеттік органдар мен Alatau City Authority ұйымына қабылданған шешімдердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді және қаланы дамытудың негізгі бағыттары бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Дереккөз: primeminister.kz