Шрифт өлшемі:

Алатау қаласы туралы Конституциялық заң күшіне енді: 1 шілдеден бастап не өзгереді?

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының «Алатау қаласының ерекше құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңының алғашқы ережелері күшіне енеді. Бұл – қаланың халықаралық инвестициялық, технологиялық және іскерлік орталық ретінде ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа басқару моделін іске қосудың алғашқы кезеңі.
01.07.2026

Конституциялық заңға 2026 жылдың 8 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Заң ережелері кезең-кезеңімен іске асырылады. Мұндай тәсіл мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін бірізді қалыптастыруға, қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға және жаңа институттарды бүкіл модельдің тұрақты жұмысына нұқсан келтірмей кезең-кезеңімен енгізуге мүмкіндік береді.  

Алатау қаласы үшін неге жеке Конституциялық заң қажет болды?

Қазақстандағы қалалардың басым бөлігі мемлекеттік басқарудың бірыңғай қағидаттары негізінде дамиды. Алайда Alatau City жобасы ауқымы мен мақсаты жағынан өзгеше.

Мәселе жаңа қаланың құрылысымен ғана шектелмейді. Бұл – халықаралық инвестициялар, технологиялар және жаһандық компаниялар үшін бәсекеге қабілетті жаңа экономикалық кеңістікті қалыптастыру жобасы. Осыған байланысты қала үшін ерекше құқықтық режимді бекітетін жеке Конституциялық заң қабылданды.   

Заңның негізгі мақсаты – шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, халықаралық озық басқару тәжірибелерін енгізуге және инвесторлар мен ірі жобаларды іске асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін заманауи құқықтық реттеу жүйесін қалыптастыру.

Іс жүзінде бұл заң қала дамуының жаңа институционалдық моделін қалыптастырады. Оның аясында мемлекеттік басқару жүйесі икемдірек бола түседі, ал мемлекет, бизнес және халықаралық серіктестер арасындағы өзара байланыс тиімділігі артады.  

1 шілдеден бастап қандай нормалар күшіне енеді?

Конституциялық заң кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіледі. Бірінші кезең 2026 жылдың 1 шілдесінен, екінші кезең 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастау алады. Ал 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап заң толық көлемде күшіне енеді. Мұндай тәсіл қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуге және жаңа басқару институттарын кезең-кезеңімен қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бірінші кезеңде қаланы басқарудың жаңа жүйесінің негізін қалайтын негізгі ережелер күшіне енеді. Атап айтқанда:

  • жедел дамитын қаланың ерекше құқықтық режимін ресми түрде іске қосу;
  • Alatau City басқару органдары қызметінің құқықтық негіздерін айқындау;
  • ерекше құқықтық режим аясындағы заңнаманы қалыптастыру тетіктерін енгізу;
  • инвестициялық саясатты іске асыруға қажетті жағдай жасау;
  • арнайы құқықтық реттеу құралдарын қолдану;
  • қала маңы аумағында ерекше құқықтық режимнің жекелеген элементтерін қолдану мүмкіндігі;
  • алдағы реформаларды іске асыруға қажетті жаңа институттардың жұмысын бастау.

Дәл осы нормалар заңның қалған ережелерін кезең-кезеңімен енгізуге негіз болатын құқықтық және институционалдық іргетасты қалыптастырады.

Жаңа даму институты – Alatau City Authority

Жаңа басқару моделінің негізгі элементтерінің бірі – Alatau City Authority (ACA) арнайы басқару ұйымын құру. Бұл ұйым қаланы дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға жауапты. 

ACA-ның негізгі міндеттері:

  • Alatau City даму стратегиясын әзірлеу;

  • нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;

  • стратегиялық инвестициялық жобаларды сүйемелдеу;

  • мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасындағы жұмысты жүргізу;

  • заманауи реттеуші ортаны қалыптастыру.

Іс жүзінде Alatau City Authority Конституциялық заңның ережелерін кешенді іске асыруды қамтамасыз ететін және қаланың дамуын қадағалайтын бірыңғай орталыққа айналады. 

Жаңа нормативтік жүйені қалыптастыру жұмыстары басталды

Заңның алғашқы нормалары күшіне енгеннен кейінгі келесі кезең – ерекше құқықтық режимнің толыққанды жұмыс істеуіне қажетті құжаттарды әзірлеу кезеңі. Қазіргі таңда Alatau City қаласының ұзақ мерзімді даму басымдықтарын айқындайтын стратегиялық құжаттар мен нормативтік құқықтық актілер әзірленуде. 

Бұл жұмысқа заманауи қалаларды дамыту стратегияларын және арнайы экономикалық юрисдикцияларды қалыптастыруда тәжірибесі бар халықаралық сарапшылар мен мамандандырылған консалтингтік компаниялар тартылған. Дәл осы құжаттар жаңа басқару моделін, инвестициялық саясатты және қала құрылысы саясатын іске асыру тетіктерін айқындайды.

Жаңа заң инвесторларға қандай мүмкіндіктер береді? 

Заңның күшіне енуінің басты нәтижесі – айқын әрі болжамды институционалдық ортаның қалыптасуы. Бұл әлеуеті бар инвесторлар үшін ірі жобаларды жүргізуге, әкімшілік рәсімдерді жеделдетуге және жұмыс істеу қағидаларының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жеке құқықтық реттеу жүйесінің енгізілетінін білдіреді.

Нәтижесінде Alatau City алдағы ондаған жылдарға арналған өзіндік даму құқықтық архитектурасына ие болады.

Іс жүзінде 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстандағы қалалық даму саласындағы ең ауқымды институционалдық реформалардың бірін практикалық іске асыру басталады. Оның басты мақсаты – инвестициялар, технологиялар және адами капиталды тартатын заманауи халықаралық орталықты қалыптастыру. 

 

Соңғы жаңалықтар