Шрифт өлшемі:

Алатау мен Алматы арасындағы аэротакси қызметінің құны 2028–2029 жылдары анықталады

19 мамырда Алатауда Қазақстан мен Орталық Азия тарихында алғаш рет аэротаксидің демонстрациялық ұшуы өткеннен кейін, ең көп қойылған сұрақтардың бірі – болашақтағы жолақы құны болды. Қазақстанның Көлік министрлігі коммерциялық қызмет іске қосылар алдында, яғни 2028 жылдың соңы – 2029 жылдың басына қарай, түпкілікті тарифтер бекітілетінін хабарлады.
03.07.2026

«Бұл – мүлде жаңа технология және жаңа сала. Сондықтан қазіргі уақытта түпкілікті тарифтер есептелу үстінде. AAAG компаниясы KPMG (Оңтүстік Корея), Korean Airports Corporation (Оңтүстік Корея) және UrbanV (Италия) халықаралық консультанттарымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені және Қазақстан нарығын зерттеп жатыр. Коммерциялық әуе тасымалы іске қосылар алдында нақты жолақы құны айқындалады», – деп мәлімдеді Көлік министрлігі. 

Аэротакси саласын дамыту AAAG компаниясы мен Alatau City Bank акционерінің жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылады. Алатаудағы қалалық әуе мобильдігі экожүйесіне салынатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 300 млн АҚШ долларын құрайды. 

Демонстрациялық ұшу және вертипорт құрылысы

Еске салайық, 19 мамырда аэротаксидің демонстрациялық ұшуы барысында ішіне бір пилот пен бес жолаушы сыятын AutoFlight Prosperity аппараты әуеге көтерілді. Оның ұшу жылдамдығы сағатына 200 км-ге дейін, ал бір қуаттағаннан кейінгі ұшу қашықтығы 200 км-ге дейін жетеді. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес демонстрациялық ұшу жолаушыларсыз өткізілді.  

Жобаны Қытай, Оңтүстік Корея, Италия және АҚШ-тағы халықаралық серіктестердің қатысуымен қазақстандық Alatau Advanced Air Group Ltd. (AAAG) жеке компаниясы жүзеге асырып жатыр. Зерттеу жұмыстарынан бастап демонстрациялық ұшуға дейінгі барлық кезеңдер жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады. AAAG компаниясы AutoFlight компаниясымен V2000/V5000 сериясындағы 50 eVTOL аппаратын сатып алу және инфрақұрылымды, кадрларды даярлауды, жерүсті операцияларын және техникалық қызмет көрсетуді қамтитын өңірлік экожүйені құру жөнінде меморандумға қол қойды.

eVTOL аппараттарының ұшып-қонуы үшін қуаттау инфрақұрылымымен және навигациялық жүйелермен жабдықталған вертипорттар пайдаланылады. Алатауда алғашқы вертипорттың құрылысы демонстрациялық алаңда басталып кетті. Болашақта бұл жерде UAM Center Eurasia өңірлік хабы қалыптасады.

Саланы заңнамалық деңгейде реттеу

2026 жылдың 24 маусымында Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжат «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізіп, инновациялық авиацияны дамыту мен озық технологияларды ұлттық авиация жүйесіне енгізудің құқықтық негізін қалыптастырады.

Осылайша Қазақстан eVTOL технологияларын реттейтін құқықтық базасы бар АҚШ, Еуропалық одақ, Оңтүстік Корея және Қытай қатарындағы елдердің қатарына қосылды. Заңда Advanced Air Mobility (AAM) ұғымы енгізіліп, вертипорттардың құқықтық мәртебесі бекітілді. Сондай-ақ операторлар мен әуе кемелерін сертификаттау, ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесі және цифрлық инфрақұрылымның киберқауіпсіздігіне қойылатын талаптар айқындалды.

 

Соңғы жаңалықтар