Алатауда қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Масабаев Әсет, Alatau City Authority мемлекеттік қорының Бас атқарушы директоры Әбдіқадыров Әлішер, Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов, Самұрық-Қазына АҚ өкілдері, бейінді мемлекеттік органдар мен инновациялық компаниялардың өкілдері қатысты.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 2 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында Алатау қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, қаланың базалық инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырған болатын.
Жаңа қаланың Алматы қаласымен және Алматы агломерациясының елді мекендерімен көліктік байланысы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Президенттің Skytrain жүрдек аспалы көлік жүйесін салу жобасын Алматы шекарасынан шығыс және батыс бағытта Алатау қаласына дейін пысықтау жөніндегі тапсырмасын іске асыру тетіктері қаралды.

Alatau City Authority басшысы Әлішер Әбдіқадыров көлік және қалалық жоспарлау саласындағы әлемнің жетекші компанияларының бірімен бірлесіп, Мастер-жоспар аясында әзірленіп жатқан Алатау қаласының көлік қаңқасын қалыптастыру тәсілдерін таныстырды. Құжат жол желісін, қоғамдық көлікті, логистикалық және инновациялық көлік шешімдерін кешенді дамытуды, сондай-ақ Алатаудың Алматымен, ҮАААЖ (БАКАД), А-3 автожолымен және негізгі инвестициялық жобалармен тиімді байланысын құруды көздейді. Осы тәсілдерді іске асыру жаңа қаланың көлік жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов қаланың даму перспективалары мен көліктік әлеуеті туралы баяндама жасады. Кеңеске қатысушыларға жол-көлік желісін, қоғамдық көлік пен логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ заманауи көлік технологияларын енгізу жоспарлары ұсынылды.

Сонымен қатар инновациялық әуе мобильдігін дамыту мәселелері талқыланды. Алатауда заманауи «болашақ қаласын» құру бастамаларын іске асыру аясында Қазақстан Advanced Air Mobility саласындағы озық шешімдерді енгізуге дайындық деңгейі бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енді.
Қазіргі уақытта Alatau Advance Air Group компаниясы мемлекеттік органдармен, халықаралық және отандық серіктестермен бірлесіп, Алатау қаласының аумағында электрлі тік ұшып-қонатын ұшу аппараттарын (eVTOL) және қажетті инфрақұрылымды сынақтан өткізуге, тестілеуге әрі коммерциялық пайдалануға дайындауға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Болашақта бұл шешімдерді Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында кеңінен енгізу жоспарланып отыр.

Жаңа технологияларды тәжірибелік сынақтан өткізу аясында 2026 жылғы 19 мамырда Алатауда Қазақстан мен Орталық Азия тарихында алғаш рет eVTOL электрлі тік ұшып-қонатын ұшу аппаратының көрсетілімдік ұшуы жүзеге асырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша Алатау қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі кешенді жол картасын әзірлеу туралы шешім қабылданды, ол автомобиль, теміржол, қалалық қоғамдық және инновациялық әуе көлігі саласындағы жобаларды біріктіреді.