Астана қаласында Alatau City-де KAIST филиалын ашу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі таныстырылды

Еске сала кетейік, бұл жоба 2025 жылдың қазанында Сеул қаласында өткен Alatau City халықаралық роуд-шоуының практикалық нәтижелерінің бірі болды. Сол кезде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, KAIST және Alatau City Bank Қазақстанда жаңа университетті құру және дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.
Таныстыру шарасына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжон Ки Хон, KAIST басшылығы мен сарапшылар тобы, Alatau City басқарушы компаниясының өкілдері және инвесторлар қатысты.

KAIST командасы Qazaqstan Advanced Institute of Science and Technology (QAIST) жобасының аяқталған техникалық-экономикалық негіздемесін ұсынды. Құжатта болашақ университеттің тұжырымдамасы мен академиялық моделі, ғылыми зерттеулердің басым бағыттары, факультеттер мен білім беру бағдарламаларының құрылымы, сондай-ақ жобаның экономикалық тиімділігі мен туындауы мүмкін сын-қатерлер қамтылған.
Сонымен қатар, болашақ ғылыми-білім беру кластерінің негізгі параметрлері, университет инфрақұрылымына қойылатын талаптар және заманауи кампус салу кезеңдері таныстырылды.
Кездесу барысында қатысушылар жобаны іске асырудың келесі кезеңдерін және алдағы уақыттағы басым міндеттерді талқылады.
Техникалық-экономикалық негіздеменің дайындалуы Қазақстан мен Корея Республикасының бірлескен бастамасын іске асырудағы маңызды кезең болды. Жоба Alatau City аумағында білім беру бағдарламаларын, ғылыми зерттеулерді және инновациялық әзірлемелерді енгізуді біріктіретін заманауи академиялық ортаны қалыптастыруды көздейді.
QAIST университетінің ашылуы Alatau City-ді өңірдегі халықаралық ғылыми-технологиялық хаб ретінде қалыптастырудағы маңызды қадам болмақ. Университет халықаралық деңгейдегі инженерлік кадрларды даярлауға, озық ғылыми зерттеулер мен технологияларды коммерцияландыруға, сондай-ақ Қазақстанның жетекші шетелдік ғылыми және білім беру орталықтарымен ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал етеді.

Анықтама
KAIST – 1971 жылы құрылған Корея Республикасының жетекші ғылыми-зерттеу университеті. Ол – елдегі ғылым мен технология саласындағы білім беру және ғылыми зерттеулерге маманданған алғашқы жоғары оқу орны.
Университеттің негізгі кампусы Тэджон қаласындағы Daedeok Innopolis ғылыми кластерінде орналасқан, ал екінші кампусы Сеулде жұмыс істейді. Оқыту тілі – ағылшын тілі. KAIST құрамына бес колледж, жеті мектеп, 13 жоғары мектеп және 27 факультет кіреді. Қазіргі таңда университетте шамамен 12 мың студент білім алып, мыңнан астам оқытушы мен зерттеуші қызмет атқарады. KAIST әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кіреді және QS халықаралық рейтингінде 65-орында тұр. Университет инженерия, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника, жаратылыстану ғылымдары және басқа да жоғары технологиялық бағыттар бойынша мамандар даярлап, ғылыми зерттеулер жүргізеді.
Дереккөз: www.gov.kz