Әуе таксиі мен ұшқышсыз авиация туралы жаңа заң: Қазақстан нарығы үшін не өзгереді?

Аталған қадам инновациялық авиацияны дамытуға және озық технологияларды ұлттық авиациялық жүйеге интеграциялауға арналған заманауи нормативтік-құқықтық негізді ресми түрде қалыптастырады.
Осы шешім арқылы Қазақстан қалалық әуе ұтқырлығы (Urban Air Mobility – UAM) нарығының құқықтық негізін айқындап, eVTOL (электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемелері) саласы бойынша реттеуші базасы қалыптасқан АҚШ, Еуропалық одақ, Оңтүстік Корея және Қытай қатарындағы мемлекеттердің қатарына қосылды.
Morgan Stanley сарапшыларының бағалауынша, 2040 жылға қарай қалалық әуе ұтқырлығының әлемдік нарығының көлемі 1–1,5 триллион АҚШ долларына жетеді. Қазақстан озық құқықтық базаны қалыптастыра отырып, Орталық Азиядағы жаңа «төмен биіктіктегі экономика» үшін жетекші инвестициялық әрі логистикалық хабқа айналуға ниетті.
Жаңа заң нақты нені өзгертеді: негізгі 7 жаңашылдық
«ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға енгізілген түзетулер инновациялық әуе көлігін тәжірибелік деңгейден шығарып, оны заңды әрі ашық бизнес кеңістігінің құрамдас бөлігіне айналдырады:
1. «озық әуе ұтқырлығы» (Advanced Air Mobility) ұғымы заңнамалық деңгейде енгізіліп, оның түрлері – қалалық және өңірлік әуе ұтқырлығы айқындалды;
2. электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемелерін (eVTOL) және озық әуе ұтқырлығына жатқызылған өзге де әуе кемелерін пайдаланудың құқықтық негізі қалыптастырылды;
3. вертипорттардың озық әуе ұтқырлығы инфрақұрылымының маңызды элементі ретіндегі құқықтық мәртебесі бекітіліп, олардың жұмыс істеу ерекшеліктері айқындалды;
4. авиациялық техниканы әзірлеушілер мен өндірушілерді, қалалық әуе ұтқырлығы операторларын, азаматтық қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелерді және тиісті әуе кемелерін сертификаттаудың жаңа тетіктері енгізілді;
5. ұшқышсыз әуе қозғалысына қызмет көрсету жүйесінің авиациялық жүйелердің ұшуын цифрлық басқаруды, ақпарат алмасуды, сәйкестендіруді, бағыттауды және әуе кеңістігін пайдалануды үйлестіруді қамтитын құқықтық мәртебесі белгіленді;
6. ұшқышсыз әуе қозғалысына қызмет көрсететін цифрлық инфрақұрылым мен киберқауіпсіздікке қойылатын талаптар бекітілді;
7. азаматтық ұшқышсыз авиациялық жүйелерді мемлекеттік реттеу жетілдіріліп, оларды тіркеу, пайдалану, сертификаттау және ұшуды ұйымдастыру мәселелері нақтыланды.

Теориядан нақты жобаларға дейін
Нормативтік жоспарлаудан практикалық іске асыру кезеңіне көшу үдерісі басталып кетті. 2026 жылғы мамырда Қазақстанда Орталық Азия тарихында алғаш рет жолаушыларға арналған AutoFlight Prosperity eVTOL аппаратының демонстрациялық ұшуы сәтті өтті. Бір тоннаға дейін жүк көтере алатын бұл аппарат сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады.
Демонстрациялық сынақтар аясында қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) жеке компаниясы қалалық әуе ұтқырлығы (UAM) саласын дамытуда маңызды қадам жасады. AAAG AutoFlight компаниясымен V2000/V5000 сериялы 50 eVTOL аппаратын сатып алу жөнінде меморандумға қол қойды. Сонымен қатар тараптар Қазақстанда маркетингті, сатуды, мамандар даярлауды, инфрақұрылымды, жерүсті операцияларын, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету және жөндеу (MRO) мүмкіндіктерін қамтитын өңірлік кешенді экожүйені бірлесіп дамыту бағытында жұмыс жүргізетін болады.
Заңның инфрақұрылымдық мүмкіндіктері инвесторларға болашақ әуе бағыттарының желісін ашық түрде жоспарлауға жол ашады. Алғашқы тұрақты коммерциялық әуе такси рейстерін 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Олар Алматы агломерациясының негізгі нүктелерін, соның ішінде Алматы мен Қонаев қалаларын байланыстырады. Нәтижесінде екі қала арасындағы жол жүру уақыты 15–20 минутқа дейін қысқарады, әрі көміртегі шығарындылары жоқ экологиялық таза көлік шешімі болумен қатар, Мемлекет басшысы бірнеше рет назар аударған көпсағаттық кептелістер мен маятниктік көші-қон мәселесіне берілетін заманауи технологиялық жауап болмақ.

Alatau City – Еуразиядағы ең ірі реттеушілік «құмсалғыш»
Қалалық әуе ұтқырлығын (UAM), eVTOL аппараттарының ұшуын және тиісті инфрақұрылымды дамытуға арналған негізгі алаң Alatau City болады. Қазақстанның бірегей тәжірибесі – авиация саласындағы жаңа құқықтық нормалардың 2026 жылғы 8 мамырда Мемлекет басшысы қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көрініс табуында. Атап айтқанда, заңның 57-бабында ұшқыш басқаратын және ұшқышсыз инновациялық ұшу аппараттарын қоса алғанда, қалалық әуе ұтқырлығы технологияларын енгізудің құқықтық негізін қалыптастыру көзделген.
Қаланың ерекше конституциялық мәртебесі эксперименттік құқықтық режимдерді жедел енгізуге және интеллектуалды UTM жүйелерін әлемнің кез келген өңіріне қарағанда жылдамырақ іске қосуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Alatau City демонстрациялық алаңында болашақта ауқымды «UAM Center Eurasia» хабының негізіне айналатын еліміздегі алғашқы вертипорттың құрылысы жүргізілуде.
Реформаларды әзірлеу жұмыстары бір жылдан астам уақыт бойы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің үйлестіруімен, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, «Қазаэронавигация» РМК қатысуымен, сондай-ақ AAAG компаниясы мен халықаралық консалтингтік алпауттардың (KPMG Korea, KPMG US, Korea Airports Corporation, UrbanV) қолдауымен жүргізілді.
«Президенттің заңға қол қоюы – халықаралық капитал үшін жасыл шамның жанғанын білдіреді. Біз көліктің жаңа түрін заңдастырып қана қойған жоқпыз, жаңа экономикалық сектордың негізін қаладық. Мамыр айында өткен демонстрациялық ұшу мен AutoFlight компаниясымен жасалған меморандум Қазақстанның озық әуе ұтқырлығы технологияларын кең ауқымда енгізуге толық дайын екенін шетелдік серіктестерге дәлелдеді. Авиациялық әкімшіліктің реттеушілік икемділігі, «Қазаэронавигацияның» тәжірибесі және Алатау қаласының конституциялық артықшылықтарының үйлесімі Қазақстанды Еуразиядағы Low-Altitude Economy саласындағы ең тартымды инвестициялық алаңға айналдырады», – деп атап өтті Alatau Advance Air Group Ltd. өкілдері.