Фоторепортаж: Alatau City-де K-Park-тың алғашқы тасы қаланды

Жобаны Қазақстан корейлері қауымдастығы қолға алып, оны елдегі корей диаспорасының 90 жылдық мерейтойымен байланыстырды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев шараның маңыздылығын атап өтті: "Біз жаңа қаланы магистральдардан емес, саябақтан бастаудамыз. K-park демалыс орнына, мәдени өмірдің орталығына әрі инвестиция тартудың нүктесіне айналады. Бұл Алматы мен оған жақын аудандар халқы үшін заманауи саябақ болмақ".
Айтуынша, мәдени кеңістік – болашақ қаланың құрылысына жасалған алғашқы қадам. “K-park – бұл әрі өңір үшін, әрі ел үшін символдық мәнге ие. Біз жаңа кезеңді болашақ қаланың өзегіне айналып, инвесторларға алаң болатын мәдени нысаннан бастап отырмыз. Бұл Alatau City-дің шынайы инновациялар орталығына айналуына жасалған алғашқы қадам”, – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.
"Біздің ата-бабаларымыз 1937 жылы қазақ жерінен екінші үйін тапты. Бұл саябақ - бізге қиын кезде панасына алған, өмір сүріп, дамуға мүмкіндік берген қазақ халқына алғысымыздың белгісі, – деп оқиғаның тарихи маңызын атап өтті Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Юрий Цхай. – …Жоба бүкіл корей қауымының күшімен жүзеге асты: бизнес өкілдері, ғалымдар, сәулетшілер – барлығы атсалысты. Бұл – Қазақстанның дамуына қосқан үлесіміз әрі бірліктің нышаны".
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов: "Біз тек алғашқы іргетасын қалап қана отырған жоқпыз, біз Қазақстан халқы бірлігінің тарихындағы жаңа парақты ашып отырмыз. K-park – бұл тек нысан емес, ол келісім мен өзара құрметтің көрінісі", деп мәлімдеді.
Қазақстан корейлері қауымдастығының Іскерлік клубының төрағасы Юрий Ким жобаны қаланың болашақ дамуымен байланыстырды: "Бүгін Alatau City мүмкіндіктер аймағына айналуда. Біз инвесторлар үшін ашық әрі тиімді жағдай жасауды көздеп отырмыз, осылайша қала капиталдың, технологияның және адами әлеуеттің жаңа тартылыс орталығына айналмақ".
Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ха Тэ Ук екі халық үшін K-park жобасы – өткенді еске алу мен болашаққа ұмтылыстың символы болатынын айтты. Сөзінше, Қазақстан халқының небәрі 0,6%-ын ғана кәрістер құрағанымен, олардың дамуға қосқан үлесі зор. Бұл жоба халықтарымыздың достығын нығайтады.
Шетелдегі корейлер істері агенттігі департаменті директорының орынбасары Квак Самджу Alatau City және K-park Қазақстан дамуының жаңа серпініне айналады. Бұл жобалар еліміздің Орталық Азияның мәдени және экономикалық орталығына айналуына және бүкіл әлемнің назарын аударуына септігін тигізетініне сенім білдірді.
Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким, Алматы облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов, «Be Woman Asia» негізін қалаушы Жанна Кан да құттықтау сөзін сөйледі.
K-park жаңа қаланың мәдени жүрегі мен визиттік картасына айналуы тиіс. Алғашқы қонақтарын ол 2027 жылы қабылдап, заманауи Alatau City-ді жүзеге асыруға жол ашады.