Шрифт өлшемі:

Гонконгтың жетекші инвестициялық-девелоперлік компаниялар тобы Алатау қаласындағы жобаларды қарастыруда

«Alatau City Authority» арнайы басқарушы компаниясы, Қазақстан Республикасы Энергетика, Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері, сондай-ақ Full Vision Capital компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тұрақты энергетика, экологиялық тұрғыдан таза авиациялық отын (SAF) өндірісі және инновациялық энергетикалық технологияларды енгізу бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыруды көздейді.
04.08.2026

Келісімдер Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің Full Vision Capital компаниясының негізін қалаушы доктор Питер Лимен кездесуі барысында жасалды. Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі компаниялар тобының Алатау қаласын дамыту жобаларына қатысуы болды.

Тараптар тұрақты қалалық даму, «жасыл» энергетика, көлік инфрақұрылымы және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды. Перспективалы бағыттардың қатарында тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру, интеллектуалды энергетикалық шешімдерді енгізу, электр энергиясын жинақтау жүйелерін дамыту және озық халықаралық тәжірибеге негізделген заманауи қалалық инфрақұрылымды қалыптастыру бар.

Олжас Бектенов Қазақстанның «жасыл» энергетикаға көшу саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып жатқанын және жоғары технологиялық салаларды дамытуға қолайлы жағдай жасап отырғанын атап өтті. Жаңа шешімдерді енгізу мен технологияларды бейімдеу жұмыстары Алатау қаласында жүзеге асырылуы мүмкін.

«Қазақстан Үкіметі жетекші халықаралық компаниялармен ұзақ мерзімді әріптестікке ашық. Сіздердің компанияларыңыз жүзеге асырып жатқан технологиялық шешімдер мен девелоперлік тәжірибелерді жергілікті деңгейде енгізуге Алатау қаласы пилоттық алаң ретінде ұсынылуы мүмкін. Үкімет жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.», – деді Премьер-Министр. 

Жақында күшіне енген «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңы инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ол арнайы реттеуші тетіктерді және «бір терезе» қағидатын енгізіп, жобаларды іске асыру үшін тұрақты әрі ашық жағдай қалыптастырады.

Henderson Land Development компаниясының төрағасы әрі басқарушы директоры доктор Питер Ли Қазақстан Үкіметіне ашық диалог үшін алғысын білдіріп, ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға қызығушылық танытты. 

«Алатау қаласының «жасыл» трансформациясын жүзеге асыруда Қазақстан Үкіметінің серіктесі болу – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл ынтымақтастық Алатау мен жалпы Қазақстанның тұрақты қалалық даму бойынша жаңа халықаралық стандарт қалыптастыруына ықпал ететін инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді», – деді доктор Питер Ли.

Анықтама.

Full Vision Capital – доктор Питер Ли негізін қалаған, «жасыл» экономика мен озық технологиялар саласындағы жобаларды дамытуға бағытталған инкубациялық платформа. Компания интеллектуалды энергетикалық шешімдер мен заманауи экологиялық технологияларға маманданған.

Доктор Питер Ли – Henderson Land Group, The Hong Kong and China Gas Company Limited (Towngas) және Towngas Smart Energy Company Limited компанияларының төрағасы. Аталған компаниялардың акциялары Гонконг қор биржасында айналымда.

 

Соңғы жаңалықтар