Шрифт өлшемі:

Halyk және Alatau City Bank Алатау қаласын дамыту бойынша серіктес атанды

Alatau City Authority, Alatau City Bank және Halyk Bank Қазақстанның инновациялық, технологиялық, инвестициялық және кәсіпкерлік орталығы ретінде қалыптасып келе жатқан Алатау қаласының кешенді дамуына жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
22.06.2026

Құжатқа Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров, Alatau City Bank директорлар кеңесінің төрағасы Қуат Қожахметов және Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова қол қойды.  

Келісімге қол қою Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген Алатау қаласын дамыту жөніндегі міндеттерді іске асырудағы кезекті қадам болды. Президент Алатау қаласын инвестициялар, жоғары білікті мамандар, технологиялар және жаңа өндірістер шоғырланатын заманауи инновациялық орталық ретінде дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын. 

«Алатау қаласы инновация, технология және кәсіпкерлікті біріктіретін Қазақстан экономикасының жаңа өсу нүктесі ретінде құрылып жатыр. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекет, қаржы институттары және бизнес арасындағы берік ынтымақтастықты қалыптастыру маңызды. Қол қойылған келісім заманауи қалалық ортаны дамытуға және Алатаудың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін жобаларды жүзеге асыру үшін тараптардың құзыреттерін біріктіруге мүмкіндік береді», – деді Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров. 

Келісім жасанды интеллект, төмен биіктіктегі экономика, «ақылды қала» технологиялары, заттар интернеті (IoT), WEB3, цифрлық активтер, финтех, нақты активтерді токенизациялау, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымға озық цифрлық шешімдерді енгізу сияқты бағыттар бойынша ынтымақтастықты көздейді. 

Alatau City Bank директорлар кеңесінің төрағасы Қуат Қожахметов:

«Біз Алатау қаласын дамыту сияқты ел үшін маңызы зор жобаға қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Қазақстанда криптоиндустрия мен дәстүрлі банк жүйесін ықпалдастыру саласында алғашқылардың бірі ретінде біз бұл “болашақ қаласын” цифрлық активтерді қоса алғанда, жаңа буын қаржылық және технологиялық шешімдерді енгізуге арналған алаң ретінде қарастырамыз. Қол қойылған келісім мемлекет пен қаржы институттарының мүмкіндіктерін біріктіріп, жаңа буын жобаларын іске асыруға жол ашады. Мұндай серіктестік Алатаудың дамуын жеделдетіп, оны Орталық Азиядағы инвестициялар мен инновациялар орталықтарының біріне айналдырады деп сенеміз», – деп атап өтті. 

Сонымен қатар тараптар жоғары технологиялық өндіріс, көлік және логистика, туризм, білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларында да өзара іс-қимыл жасауды жоспарлап отыр.

Ынтымақтастық аясында бірлескен жобаларды іске асыруға, инвестициялар тартуға, инновациялық технологияларды енгізуге және халықаралық үздік стандарттарға сай заманауи қалалық ортаны дамытуға қолайлы жағдай жасау көзделген.

Алатау қаласын дамыту Мемлекет басшысы айқындаған экономиканы әртараптандыру және жаңа өсу орталықтарын қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді.

Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова:

«Елдегі ең ірі қаржы институты ретінде Halyk Bank цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, инновациялық технологияларды енгізуге және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобаларға белсенді қатысады. Мемлекет, қаржы секторы және бизнес күш-жігерін біріктіру арқылы Алатауда тұрақты экономикалық дамуға негіз болатын заманауи экожүйе қалыптастыра алатынымызға сенімдіміз», – деді.

Қол қойылған меморандум шеңберлік сипатқа ие. Нақты жобалар мен оларды іске асыру тетіктері тараптар арасында қосымша айқындалып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке келісімдермен рәсімделетін болады.  

 

Соңғы жаңалықтар