Шрифт өлшемі:

Халықаралық сарапшылар Alatau City қаласының архитектуралық және инфрақұрылымдық мәселелерін талқылады

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Harry Dobbs Design Ltd және АО «Caspian Group» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді, кездесу барысында қаланы дамыту тұжырымдамасы талқыға түсті.
10.11.2025

Сонымен қатар кездесу аясында қалалық ортаны жоспарлау, жаңа жұмыс орындарын ашу және білім беру инфрақұрылымымен қамтамасыз ету секілді инфрақұрылымдық және архитектуралық ұсыныстар таныстырылды. Талқылау ашық форматта өтіп, екі тарап болашақ қаланың бірегей бейнесі мен өзара серіктестік жөнінде сөз қозғады.

«Көпшілік бұл қаланы жаңа Дубай, Сингапур немесе Шанхай болады деп айтып жатады. Дегенмен бастысы - өз болмысымызды сақтау, бұл қала өзіндік ерекшелігі бар Алатау қаласы болу қажет», - деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.

Алматы облысының әкімі қазіргі таңда қаланың ерекше мәртебесі туралы заң әзірленіп жатырғандығын хабарлады. 

Біз адамдардың Алатау қаласынан пәтер алып, көшіп келіп, болашақтарын осы қаламен байланыстырса екен дейміз. Алматы облысының халқы жыл сайын өсіп жатыр, университеттердің болуы, қолайлы климат пен тұрғындарға берілетін мүмкіндіктер қаланың дамуына ықпал етеді. Жаңа жұмыс орындарын ашу және білім алу үшін жасалынатын жағдай осы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», — деді.

Марат Сұлтанғазиевтің пікірі Harry Dobbs Design Ltd компаниясының негізін қалаушы әрі Alatau City дамыту кеңесінің мүшесі, британдық сәулетші Гарри Доббстың көзқарасымен үндес. Өз сұхбаттарының бірінде Доббс заманауи қалалар инфрақұрылым мен экономиканы ғана басымдыққа қойған кезде өз болмысын жоғалта бастайтынын атап өткен. Оның айтуынша, қаланың сәулеттік келбетін жергілікті мәдениет, табиғи ландшафт және адамдардың күнделікті өмірі қалыптастыруы қажет. 

Қалалық кеңістікті осылайша түсіну Alatau City жобасының басты мақсаттарымен ұштасады. Жоба Қазақстанның мәдениеті мен табиғи болмысын айшықтайтын, заманауи әрі жайлы, өзіндік ерекшелігі бар қаланы тұрғызуды мақсат етеді.

Қазақстанның ең ірі девелоперлік компанияларының бірі «Caspian Group» АҚ Alatau City жобасының қала құрылысы тұжырымдамасын әзірлеуде белсенділік танытуда. Компания ірі инфрақұрылымдық және құрылыс жобаларын жүзеге асыруда тәжірибеге бай және жаңа қаланың заманауи сәулеттік бейнесін қалыптастырудағы маңызды серіктес.

 

Соңғы жаңалықтар