Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City-ге жұмыс сапарымен келді

Alatau City-дің кеңістіктік даму стратегиясы және экономикалық әлеуеті
Қазіргі таңда Alatau City-дің аумағы 88 мың гектарды құрайды. Бекітілген тұжырымдамаға сәйкес, қала 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын төрт функционалдық аймаққа бөлінген. Бүгінде негізгі өсу нүктелері мен басым даму аумақтары айқындалып, магистральдық инфрақұрылымды жедел салуға бағытталған Жол картасы белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Қаланың экономикалық және әлеуметтік негізі қазірдің өзінде нақты нәтижелер көрсетуде. Alatau City аумағында «Маревен Фуд», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты сияқты бес ірі кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, Gate City тұрғын ауданы қарқынды дамып келеді. Мұнда бүгінде бір «жайлы мектептің» құрылысы аяқталған.
Бұдан бөлек, жалпы құны 2 трлн теңгеден асатын 53 инвестициялық жобадан тұратын ауқымды тізім қалыптастырылған. Атап айтқанда, PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы ең ірі картоп өңдейтін зауыт, ал Mars Petcare өңірдегі үй жануарларына арналған жем өндіретін алғашқы заманауи кәсіпорын салып жатыр.
Сондай-ақ, KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрілік заттар мен медициналық жабдықтардың жоғары технологиялық өндірісін дамытып жатыр. Ал «Исткомтранс» және G-Trans компаниялары қуатты логистикалық кластер қалыптастыру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізуде.

Мемлекет басшысына Gate District ауданында бой көтеретін және Alatau City-дің басты сәулеттік нышандарының біріне айналатын Iconic Complex флагмандық көпфункционалды кешенінің жобасы да таныстырылды.

Энергетикадағы инновациялар және Alatau Smart City тұжырымдамасы
Мемлекет басшысы Alatau City бүкіл ел үшін ресурстарды ұтымды пайдаланудың және тұрақты дамудың үлгісіне айналуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Энергетика саласындағы мәселелерді шешу және оның тиімділігін арттыру мақсатында Президент Халықаралық энергетикалық агенттік әзірлеген First Fuel («Энергия тиімділігі – бірінші орында») тұжырымдамасына басымдық беруді тапсырды.
Бұл тәсіл энергияны үнемдеу шараларын кеңінен енгізуді көздейді. Себебі үнемделген энергияның құны жаңа энергия өндіру шығындарымен салыстырғанда 2–3 есе төмен. Сондықтан энергия тиімділігін арттыру Alatau City дамуының негізгі бағыттарының бірі болмақ.
Әлеуметтік сала, білім мен туризм инфрақұрылымын дамыту
Бас жоспарға сәйкес, 2050 жылға қарай Alatau City халқының саны шамамен 2 миллион адамға жетеді. Бұл әлеуметтік инфрақұрылымды қарқынды дамытуды талап етеді. Бизнестің инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салуға жоғары қызығушылық танытып отырғанын ескере отырып, Президент Alatau City-ді дамыту жөніндегі кеңес пен қала әкімшілігіне инвестицияларды қайтарудың түсінікті әрі ашық қағидаларын бекітуді тапсырды. Бұл тетіктер қауіп-қатерді мемлекет пен бизнес арасында әділ бөлуге негізделуі тиіс.

Мегаполисті білікті кадрлармен қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Бас жоспарға сәйкес, Golden District болашақта халықаралық білім және ғылым орталығы ретінде дамиды. Мұнда озық білім беру экожүйесі мен заманауи академиялық орта қалыптастырылады.
Сонымен қатар, Green District аумағында миллиондаған туристі қабылдауға қауқарлы ірі туристік кластерді дамыту жұмыстары басталады. Бұл бағытта Қапшағай көлінің рекреациялық аймағына ерекше мән беріледі. Президент тұрғындар мен қонақтар бұл жерде жыл бойы демала алатындай жағдай жасауды тапсырды. Атап айтқанда, қысқы спорт түрлерін дамыту, мұз айдындарын ұйымдастыру және балық аулауға арналған инфрақұрылым салу жоспарланып отыр.
Су қоймасы жағалауының құрылысы кезең-кезеңімен және бірыңғай сәулеттік стиль негізінде жүргізіледі. Қонақүйлерден бастап ойын-сауық саябақтарына дейінгі барлық нысандар ортақ сәулеттік тұжырымдамаға сай салынады. Бұл өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, бүкіл аймақтың әл-ауқатын жақсартуға қосымша серпін береді.

Арнайы құқықтық мәртебе және нормативтік-құқықтық база
Кеңесте сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мегаполисті құру туралы шешім ел үшін күрделі экономикалық жағдайда қабылданғанын атап өтті. Дегенмен, бұл бастама жан-жақты сараланғандығын айтты. Сонымен қатар Президент Дубай, Шэньчжэнь және Инчхон секілді болашақ қалалардың тәжірибесі тұтас мемлекеттердің дамуын жаңа сапалы деңгейге көтеруге қабілетті екенін көрсететінін атап өтті.
Алға қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында Қазақстанда «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл құжат қаланы басқарудың түбегейлі жаңа моделін қалыптастырады. Alatau City дамуының негізгі қағидаттары аталған заңда бекітілген.
Мемлекет басшысының сөзінше, қазіргі уақытта тұрақты әрі сапалы дамуға мүмкіндік беретін мықты құқықтық база қалыптастырылды. Оның ішінде салықтық жеңілдіктер беру және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай жасау қарастырылған. Қалада жергілікті бизнестің мүдделерін кешенді қорғау қамтамасыз етіліп, цифрлық активтер нарығын дамытуға арналған реттеуші орта қалыптастырылады.
Нәтижесінде бұл модель құқықтық тұрақтылықты сақтап, реттеуші ортадағы күтпеген өзгерістерден қорғауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, шешім қабылдаудың жылдамдығы мен икемділігін арттырып, Alatau City-дің ерекше құқықтық режимі бар қарқынды даму орталығына айналуына мүмкіндік береді.
Алдағы 12 айдың ішінде Alatau City-дің негізгі ішкі нормативтік құжаттарын қабылдау жоспарлануда. Мемлекет басшысы қаланы дамыту жөніндегі кеңеске халықаралық тәжірибесі мол сарапшыларды жұмылдырып, аталған үдерісті жеделдетуді тапсырды.
Заңдық, жер қатынастары және инфрақұрылым саласындағы мәселелерді дер кезінде шешу Alatau City-дің жетекші бизнес және инновациялар орталығы ретінде қарқынды дамуына жол ашады.
Дереккөз: Ақорда