Мемлекет басшысы цифрлық активтерді дамыту туралы Жарлыққа қол қойды

Құжат алғаш рет цифрлық активтер саласындағы кешенді мемлекеттік саясатты қалыптастырады. Ол халықаралық қаржы жүйесіне интеграцияланған, ашық, реттелетін және бәсекеге қабілетті нарық қалыптастыруға бағытталған.
Құжаттың маңыздылығы неде?
Жарлық заманауи қаржы инфрақұрылымын дамытуға, цифрлық активтерді реттеу жүйесін жетілдіруге, токенизация механизмдерін енгізуге, крипто-фиат инфрақұрылымын дамытуға және Қазақстанға халықаралық инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Құжатта көзделген механизмдердің басым бөлігі 2026 жылдың өзінде іске асырылуы тиіс. Бұл Қазақстанға цифрлық қаржы саласында өңірдегі жетекші елдердің біріне айналу мүмкіндігін береді.
Alatau City-дің рөлі
Жарлыққа сәйкес, Alatau City Authority Қазақстан Республикасы Үкіметімен, Ұлттық банкпен, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Қаржылық мониторинг агенттігімен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен қатар мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі институттардың бірі ретінде ресми айқындалды.
Alatau City Authority криптоиндустрияны дамытудың орта мерзімді жоспарын әзірлеуге, орталықтандырылмаған қаржы (DeFi) саласын реттеуді жетілдіруге, жылжымайтын мүлік пен логистикалық-өнеркәсіптік инфрақұрылымды токенизациялау бойынша пилоттық жобаларды іске қосуға, сондай-ақ цифрлық активтерді пайдалану арқылы Алатау қаласының жобаларына шетелдік инвестициялар тарту механизмдерін қалыптастыруға қатысады.
Alatau City резиденттеріне қандай мүмкіндіктер ашылады?
Жарлықты іске асыру Alatau City резиденттеріне бірқатар жаңа мүмкіндіктер ашады:
- токенизация механизмдері арқылы халықаралық капиталға қол жеткізу;
- жетекші финтех және Web3 компанияларын тарту;
- заманауи цифрлық қаржы инфрақұрылымын пайдалану;
- пилоттық жобалар мен арнайы реттеу режимдеріне қатысу;
- қолайлы құқықтық ортада инновациялық инвестициялық жобаларды дамыту.
Жарлықтың іске асырылуы нәтижесінде Alatau City цифрлық активтер, токенизация және цифрлық қаржы саласындағы озық шешімдерді енгізуге арналған Қазақстанның пилоттық алаңы ретіндегі мәртебесін нығайтады. Бұл халықаралық инвестицияларды тартуға және елдің жаңа цифрлық экономикасын дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.