Шрифт өлшемі:

Парламентте Alatau city мәртебесі туралы Конституциялық заңның алғашқы оқылымы өтті

2026 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасының бірінші оқылымы өтті.
20.03.2026

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев таныстырған құжат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды бастамалардың біріне құқықтық негіз қалайды.

Конституциялық заңның негізгі философиясы – әлемдік деңгейде Дубай, Сингапур және Шэньчжэнь сияқты жетекші орталықтармен тең дәрежеде бәсекеге қабілетті жаһандық хаб құруды көздейді. Alatau City-дің институционалдық моделі халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленіп, Шығыс Азия мен Таяу Шығыстағы мегаполистердің үздік тәжірибелері қазақстандық жағдайға бейімделді. Құжаттың өзегінде «реттеушілік еркіндік» қағидаты жатыр - бұл қалаға жаһандық капиталды тартудың басты тетігі болмақ.

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудың жалғасы саналады. Сондай-ақ 2025 жылғы 26 қыркүйектегі Президент Жарлығымен Alatau City-ге жедел дамитын қала мәртебесі берілген еді. Енді жаңа заң жобасы бұл бастаманы халықаралық юрисдикция деңгейіне шығарып, қалаға ұзақ мерзімді құқықтық кепілдіктер мен ерекше преференцияларды бекітеді.

Екі контурлы басқару моделі

Заң жобасындағы басты жаңалықтардың бірі – қаланы басқарудың екі параллель жүйесі.

Бірінші бағыт - қаланың күнделікті тіршілігі. Alatau City әкімдігі мен мәслихаты өз өкілеттіктерін толық сақтайды. Олар білім беру, денсаулық сақтау, жол инфрақұрылымы, коммуналдық қызметтер мен әлеуметтік төлемдер үшін жауапты болады. Мәслихат жергілікті бюджетті бекітетін өкілді орган ретінде қала береді.

Екінші бағыт - даму және инвестициялар. Бұл блок үшін Alatau City Authority (ACA) мемлекеттік қоры жауап береді. Қор «One Stop Shop» қағидаты бойынша жұмыс істейтін бірыңғай орталыққа айналады. Жүйені Премьер-министр басқаратын кеңес үйлестіреді және оның ішкі актілері заң күшімен теңестіріледі. Бұл стратегиялық шешімдерді ұзақ келісімдерсіз жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

ACA құрамында тәуелсіз сарапшылардан тұратын кәсіби алқа жұмыс істейді. Ол бизнес-лицензия беруден бастап техникалық регламенттерді бекітуге дейінгі барлық рәсімдерді жүргізеді.

Қанат Бозымбаев бұл модельдің мәнін түсіндіре отырып: «Алатау іс жүзінде жаңа басқару және технологиялық шешімдерді нақты қала жағдайында сынақтан өткізетін заманауи реттеуші платформаға айналады. Ал тиімді механизмдер кейін еліміздің өзге өңірлеріне енгізіледі», - деп атап өтті.

Капиталды қорғау және жер ресурсын басқару

Заң жобасы инвесторлар үшін жеке бизнес-лицензия институтын енгізеді. Онда жобаның барлық шарттары, салықтық жеңілдіктер мен тараптардың міндеттемелері нақты көрсетіледі.

Конституциялық заң бұл шарттардың біржақты өзгертілмейтінін тікелей бекітеді. Дауларды шешу үшін инвесторларға халықаралық арбитраж немесе Астана халықаралық қаржы орталығы сотын таңдау құқығы беріледі. Бұл сот ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейді.

Жер қатынастарына қатысты тәсіл де түбегейлі өзгереді. Alatau City-де жер даму құралы ретінде қарастырылады. Арнайы жер қоры учаскелерді тек нақты инвестициялық міндеттемелерді орындау үшін береді.

«Алатауда жер – тауар емес, даму құралы. Шетелдік инвесторлар жерді меншікке ала алмайды. Ол тек уақытша ақылы пайдалану құқығымен беріледі», - деді вице-премьер.

Қаржылық дербестік

Alatau City-дің экономикалық тәуелсіздігі жаңа бюджеттік модельмен күшейтіледі. Қалдықтар орталыққа қайтарылатын стандартты жүйеден айырмашылығы, ACA бюджеті қайта инвестициялау принципіне негізделген. 2050 жылға дейін қала табыстары республикалық бюджетке алынбайды - барлық қаражат инфрақұрылымды дамытуға қайта инвестицияланады.

Бюджет Парламентте үш жылға бірден бекітіледі, бұл ACA-ға қаржыны икемді басқаруға мүмкіндік береді. Барлық қаржы мемлекеттік қазынашылықтағы арнайы бақылау шоты арқылы өтеді, бұл ашықтықты қамтамасыз етеді.

Салықтық жеңілдіктер де нақты KPI-лармен байланыстырылады – жұмыс орындарын құру және инвестиция көлемі басты көрсеткіштер болады.

«Digital by default» қағидаты

Alatau City толықтай цифрлық қағидатпен – «әдепкі цифрландыру» негізінде жобаланып отыр. Қала жасанды интеллектке негізделген интеллектуалды экожүйе ретінде қалыптасады. Бұл оны Web3, төмен биіктік экономикасы (ұшқышсыз жүйелер) секілді болашақ салаларды дамыту мен реттеудің өңірлік орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.

Өз сөзін қорытындылай келе, Қанат Бозымбаев Шэньчжэнь мысалын келтірді: «40 жыл бұрын Қытай Шэньчжэньге тек бір мүмкіндік берді - реттеушілік еркіндік. Соның арқасында бүгін ол әлемдік технология орталығына айналды. Алатау да дәл осы модельмен дамиды.Біз реттеуші қабырғаларды алып тастаймыз»

Конституциялық заңның қабылдануы Alatau City-дің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оны халықаралық инвестициялар мен инновациялардың жаңа орталығына айналдыруға жол ашады.

Соңғы жаңалықтар