Қазақстан мен Оңтүстік Корея Alatau City инфрақұрылымын дамыту мәселесін EIPP бағдарламасы аясында талқылады

EIPP: қаланы дамытуға арналған гранттар мен инвестициялар
Талқылаудың негізгі тақырыбы Economic Innovation Partnership Program (EIPP) бағдарламасы болды. Аталған бағдарлама – Оңтүстік Корея Үкіметінің қаланы дамыту үдерісінің шешуші кезеңдерінде сараптамалық сүйемелдеу мен гранттық қаржыландыруды көздейтін бастамасы. Ол мемлекеттік саясаттар мен мастер-жоспарларды әзірлеуден бастап, техникалық-экономикалық негіздемелер арқылы инфрақұрылымға тікелей инвестиция тартуға дейінгі толық циклді қамтиды. «Қазақстан үшін энергетика секторын орнықты дамыту, энергиямен қамтудың сенімділігін арттыру және халықаралық инвестицияларды тарту - басым міндет. EIPP бағдарламасы сапалы инновациялық жобалық шешімдерді дайындау және инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыру тұрғысынан практикалық қызығушылық тудырады», — деп атап өтті ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ильяс.

Энергетикалық көшу саласындағы инвестициялық жобаларды практикалық іске асыруды талқылау аясында қазақстандық тарап корей бизнесінің қатысуымен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін Alatau City-ді әлеуеті бар алаң ретінде қарастыруды ұсынды.

Өз кезегінде корей серіктестері EIPP бағдарламасы аясында жобалық бастамаларды жан-жақты пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.
Келісім сабақтастығы: Сеулден Астанаға дейін
Соңғы айларда Alatau City корей серіктестері тарапынан тұрақты қызығушылыққа ие болып отыр.
2025 жылдың қазан айында Сеул қаласында өткен «ALATAU RISE With Kazakhstan» халықаралық роуд-шоуы барысында Қазақстан делегациясы вице-премьер Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен Сингапур мен Кореяның жетекші мамандарының қатысуымен әзірленген қаланың бас-жоспарын таныстырды. Сол кезде қаланың энергетикалық қауіпсіздік стратегиясы да ұсынылған болатын.

ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ильястың баяндамасына сәйкес, Alatau City-дің энергетикалық инфрақұрылымы келесі бағыттарды қамтиды:
- Интеллектуалды желілер (Smart Grid) – жалпы қажеттілігі 2000 МВт-қа дейінгі жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау
- Экологиялық таза жылумен қамту – күн коллекторларын, жылу сорғыларын және сутегі технологияларын пайдалану
- Сутегі кластері – Alatau City корей сарапшыларымен бірлесіп сутегі көлігін енгізу және осы саладағы қауіпсіздік стандарттарын қалыптастыру алаңы ретінде қарастырылады
Цифрлық болашақ және жаһандық инвестициялар
Астанадағы кездесу барысында қазақстандық тарап Оңтүстік Кореяға JETP (Just Energy Transition Partnership) инвестициялық платформасын құруға қатысуды ұсынды. Бұл құрылым Alatau City секілді ауқымды жобаларда энергетикалық жүйелерді цифрландырумен және «жасыл» технологияларды іске қосумен айналысады.

Аталған стратегияны іске асырудың маңызды құралы ретінде 2025 жылғы қазанда Оңтүстік Кореяның Жаһандық жасыл өсім институты (GGGI) мен ҚР Энергетика министрлігі арасында қол қойылған меморандум аталды. Құжат H2G бастамасы аясында жасалынып, өңірде таза сутегіні дамытуға қолдау көрсетуге бағытталған.
Бұл Alatau City тұрғындары мен инвесторлары үшін нені білдіреді?
Халықаралық корей серіктестерімен ынтымақтастық қаланы энергия үнемдейтін, экологиялық таза инфрақұрылыммен дамытуға мүмкіндік береді. Төмен көміртекті технологиялар өңірдің орнықты дамуының негізіне айналады.
Дереккөз: www.gov.kz