Сеулде халықаралық «Alatau Rise with Kazakhstan» роуд-шоуы басталды

Іс-шара екі елдің үкімет, бизнес және ғылыми орта өкілдерін біріктіріп, Alatau City жобасы аясындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен бірлескен бастамаларды талқылауға мүмкіндік берді.

«Бүгінгі таңда Кореяның 800-ден астам компаниясы Қазақстанның энергетика, құрылыс, қаржы, денсаулық сақтау, автомобиль жасау және жоғары технологиялар салаларында табысты жұмыс істеп келеді. Біз бірлескен жобаларды одан әрі кеңейтуге, корей өнеркәсіптік және энергетикалық компанияларын тартуға мүдделіміз. Өзара тиімді ынтымақтастыққа ашықпыз және сіздерді ұлттық жоба — Alatay City-ге қатысуға шақырамыз», — деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, жобаны үкіметтік деңгейде іске асыруды қадағалайтын Қанат Бозымбаев.

«Alatau City жобасын дамыту – бұл жай ғана қала құрылысы жобасы емес, бұл Қазақстанның дәстүрлі шикізаттық экономиканың шеңберінен шығып, технологиялар мен қызмет көрсету саласын жаңа өсім драйверіне айналдыру ниетін айқын көрсететін маңызды қадам. Мен Қазақстанды осы батыл бағыттағы талпынысында шын жүректен қолдаймын және Alatau City жобасы елдің жарқын болашағы мен серпінді экономикалық дамуының үлгісіне айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы парламентаралық достық қауымдастығының төрағасы Пак Хон Гын.
«Корея Республикасы Қазақстанмен серіктестікті аса жоғары бағалайды. Біз Alatau City елдің болашақ экономикасының орталығына айналуы үшін, өзіміздің индустрияландыру мен технологиялық даму тәжірибемізге сүйене отырып, сенімді серіктес болуға дайынбыз. Бүгінгі кездесу халықтарымыздың достығы мен ынтымақтастығының жаңа бастауы болсын», – деді ол.

Caspian Group компаниясының төрағасы әрі Alatau City жобасының девелопері Юрий Цхайдың айтуынша, бұл жоба 18 жылға созылған ұзақ жолдан өтіп, бүгінде Қазақстан Президентінің толық қолдауына ие болды. Alatau City – бұл жасанды интеллекттен бастап әуе мобильдігіне дейінгі озық технологиялар енгізілетін болашақ қаласы.
Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының депутаты және MOTIE комитетінің мүшесі Квак Сан Он өз елінің Alatau City құрылысына қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

«Корея Республикасының негізгі серіктес ретінде таңдалуы – терең сенімнің белгісі. Табиғи ресурстарға бай болмаса да, Корея өз азаматтарының білімі, технологиясы мен еңбегінің арқасында Ханган өзеніндегі ғажайыпқа қол жеткізді. Біз “ақылды” қалалар, инфрақұрылым, технология және цифрлық шешімдер саласындағы осы тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз, осылайша Қазақстанға Alatau City жобасының әлеуетін жүзеге асыруға көмектескіміз келеді. Alatau City Қазақстанның жаңа экономикалық өсім орталығына айналады деп сенемін, ал біздің компаниялар мен инженерлер бұл іске өз үлесін қосады», – деп атап өтті ол.
Жаһандық жасыл даму институтының (GGGI) президенті Ким Сан Хёп өз сөзінде Алматыға жасаған сапары туралы айтты.
«Бірнеше жыл бұрын мен Алматыға келген едім. Әлі күнге дейін менің есімде – түрлі түске боялған, тіршілігі мен шабытқа толы асқақ Алатау таулары. Дәл осы себепті “Алатау” атауы мен үшін көпқырлылық пен өсудің символына айналды», – деді ол.

«Мен 2025 жылдың сәуір айын, Самарқандта өткен климаттық саммитті еске аламын. Сол кезде Президент Тоқаев Қазақстанның “жасыл” көзқарасын ұсынған болатын. Ол экологиялық заңнаманы реформалау және өсудің жаңа моделін “жасыл” технологиялар мен инновациялар негізінде қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл — Green Silk Road тұжырымдамасының мәні: шикізатқа тәуелділіктен тұрақты дамуға көшу, оны жасыл энергетика, көлік және өнеркәсіп арқылы жүзеге асыру.
Қазақстан Жаһандық жасыл даму институтымен бірге осы жаңа дәуірдің бастауында тұр. Alatau City осы философияның айқын көрінісі — ел мен өңірдің биік мақсаттары мен өршіл рухын бейнелейтін болашақ қаласы», – деп қорытындылады Ким Сан Хёп.
Роуд-шоу аясында сутек экономикасы мен төмен биіктіктегі қалалық мобильдік, қалалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ Қазақстан мен Корея арасындағы бірлескен мәдени және білім беру бастамалары жөнінде панельдік сессиялар мен пікірталастар өтті.
Қазақстан министрліктері мен Корея Республикасының жетекші ұйымдары — GGGI, Korea Airports Corporation, AAAG және RETD арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Іс-шараға Lotte Group, GGGI, Hyundai Motor Group, KIND, KISA, KEPCO, KOGAS, Samsung C&T, Korea Airports Corporation (KAC) және басқа да корей компаниялары қатысты.
Роуд-шоуға қатысқан Қазақстан делегациясының құрамына Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев, Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Alatau City дамыту кеңесінің мүшесі, Caspian Group директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Андреевич Цхай, Alatau City дамыту кеңесінің мүшесі, Alatau City Bank-тің жалғыз акционері Вячеслав Константинович Ким, сондай-ақ Alatau City дамыту кеңесі төрағасының орынбасары, Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы Вонг Хэн Файн кірді.