Шенжен тәжірибесі жаңа мегаполистің негізіне алынады: Қанат Бозымбаев әлемдегі жетекші технологиялық хабқа Алатау қаласын таныстырды
Кездесу сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындады. Бүгінде шағын балықшылар ауылынан әлемдегі жетекші жоғары технологиялар орталығына айналған Шенженнің бірегей даму тәжірибесі Алатау қаласының негізіне алынуда.
Алатау – Қазақстанның Шенжені
Кездесу барысында Қанат Бозымбаев Қазақстан мен Қытайдың ірі қалалары арасында салыстыру жүргізіп, жаңа экономикалық орталықтың стратегиялық миссиясын атап өтті.
«Астана – біздің Бейжіңіміз, елдің саяси орталығы. Алматы – Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 20 пайыздан астамын қалыптастыратын, қаржы және өнеркәсіп хабы саналатын Шанхайдың баламасы. Ал жаңа Алатау қаласы – Шенженнің баламасы. Бұл жаңадан дамып жатқан, әлемдік таланттарды, капиталды және озық технологияларды тартуға бағытталған, арнайы құқықтық режим енгізілетін қала», – деді Қанат Бозымбаев.
Ол сондай-ақ осы жылдың 8 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына арнайы құқықтық режим беретін Конституциялық заңға қол қойғанын еске салды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет қабылданған бұл шешім жобаның мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық басымдыққа ие екенін көрсетіп, шетелдік инвесторлар үшін тұрақты әрі қолайлы жағдай қалыптастырады.
Заңнаманы әзірлеу барысында әлемдік тәжірибе, оның ішінде Шенжен қаласының даму жолы жан-жақты зерттелді.
Өз кезегінде Шенжен қаласының мэрі Цинь Вэйчжун Қазақстан делегациясын қарсы алып, екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Шенжен экономикасының көлемі Қытай қалалары арасында үшінші орында, Азияда төртінші орында және әлемдегі үздік он қаланың қатарына кіреді. Сыртқы сауда көлемі бойынша Қытайда бірінші орындамыз. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі де көш бастап тұр», – деді Цинь Вэйчжун.
Алатау мен Шенжен ынтымақтастығының стратегиялық бағыттары
Тараптар ынтымақтастықтың алғашқы және маңызды бағыты ретінде көлік пен логистиканы белгіледі. Қытай шекарасынан небәрі 180 шақырым қашықтықта орналасқан Алатау болашақта Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі мультимодальды логистикалық хабқа айналмақ.
Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекаралық өткелінің құрылысы электронды сауда мен жүк тасымалының дамуына жаңа серпін береді. Осыған байланысты Қанат Бозымбаев Шенжен бизнесін Алатау базасында жаңа көлік-логистикалық экожүйені бірлесіп дамытуға шақырды.
Екінші басымдық ретінде цифрлық экономика мен жасанды интеллект бағыты айқындалды. Цинь Вэйчжун байланыс технологиялары, бұлттық есептеулер, заттар интернеті және робототехника Шенженнің негізгі артықшылықтарының бірі екенін атап өтті.
Қазақстан тарапы Шенженнің жетекші технологиялық компанияларын Алатау аумағында инновациялық орталықтар мен ғылыми-зерттеу зертханаларын ашуға шақырды.
Үшінші бағыт – жасыл энергетика. Шэньчжэнь экологиялық даму бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Қалада жаңа энергия көздерін пайдаланатын көліктердің үлесі 80 пайыздан асты.
Қазақстанның жел және күн энергетикасы саласындағы әлеуетін ескере отырып, Қытайдың технологиялық тәжірибесі мен Қазақстанның табиғи мүмкіндіктерін біріктіру экологиялық таза әрі «ақылды» қаланы қалыптастыруға негіз болады.
Төртінші бағыт – сауда мен инвестицияларды кеңейту. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы тарихи рекорд орнатып, 48,7 миллиард АҚШ долларына жетті. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш тағы 32 пайызға өсті.
Сонымен қатар Гуандун провинциясы мен Шенжен қаласының үлесіне әзірге 8,4 миллиард доллар ғана тиесілі, бұл өзара ынтымақтастық әлеуетінің әлі де жоғары екенін көрсетеді.
Ауқымды әріптестікке дайындық
Цинь Вэйчжун Қазақстан басшылығының Алатау қаласын құру бастамасына жоғары баға беріп, мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін стратегиялық көзқарас, ұзақ мерзімді жоспарлау және инвестицияларға ашықтық қажет екенін айтты.
Ол байланыстарды кеңейтуге және ынтымақтастықты нығайтуға толық дайын екенін білдірді. Сонымен қатар биылғы қараша айында Шенжен қаласы АТЭС көшбасшыларының 33-ші бейресми кездесуін қабылдауға дайындалып жатқанын атап өтті.
Қазақстан делегациясы Алатаудың мақсаты тек инвестор тарту емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы әлемдік деңгейдегі жобаны бірлесіп жүзеге асыратын стратегиялық серіктестерді қалыптастыру екенін жеткізді.
«Біздің сапарымыздың дәл Шенженнен басталуы кездейсоқ емес. Бұл – ең маңызды алғашқы қадам. Біз технологиялық серпілістің бастауында тұрмыз. Мемлекет басшысының саяси ерік-жігері, берік заңнамалық негіз және өзара тиімді әріптестік үшін барлық қажетті жағдайлар бар», – деп түйіндеді Қанат Бозымбаев.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тәжірибе алмасудың тұрақты тетіктерін қалыптастырып, Шенжен бизнес қауымдастығы мен Алатау қаласының әкімшілігі арасында тікелей байланыс орнатуға дайын екенін растады.