Шрифт өлшемі:

Үкімет отырысында Alatau City дамуының негізгі кезеңдері талқыланды: инвестиция, құқықтық мәртебе және инфрақұрылым

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Alatau City-ді дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының Alatau City-ді экономикалық өсім мен инновациялардың жаңа орталығына айналдыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысы жан-жақты талқыланды. Негізгі назар инвестициялық жобаларға, инфрақұрылымға және бірегей құқықтық экожүйені қалыптастыруға аударылды.
03.02.2026

Стратегиялық мәртебе және заңнамалық негіз

Alatau City-дің дамуы мемлекеттік деңгейдегі жоба. Қазіргі уақытта Парламентте «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы қаралуда. Жаңа құқықтық режим елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын сақтай отырып, шетелдік капитал тарту үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашуға бағытталған.   

Премьер-министр Олжас Бектенов жобаның маңыздылығын атап өтті:

«Мемлекет басшысы Алатау қаласын ұзақ мерзімді экономикалық дамудың жаңа орталығы ретінде айқындады және жұмыстың орындалу барысы оның жеке бақылауында. Сонымен қатар, қаланың дамуының негізі болатын басты қағидаттар жаңа Конституция жобасына енгізілді. Елде арнайы құқықтық режимдердің пайда болуы Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық мүдделеріне сай келеді және инвестиция тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Алатау қаласының дамуы — ерекше мәртебесі бар, жедел дамитын заманауи цифрлық қала құруға бағытталған инновациялық шешім».  

Инвестициялық әлеует және флагмандық жобалар

Қазіргі таңда жалпы сомасы шамамен 1,8 трлн теңгені құрайтын 44 жобадан тұратын ауқымды инвестициялық портфель жасалынды. Өнеркәсіп, логистика, агроөңдеу және креативті индустрия салаларындағы бұл жобаларды іске асыру 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Басым бағыттар қатарында қаланың сәулеттік және іскерлік өзегіне айналатын Iconic Complex көпфункционалды кешенінің құрылысы, сондай-ақ жоғары білікті кадрларды даярлау мақсатында KAIST Kazakhstan технологиялық университетін ашу көзделген.

Инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту

Қаланың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және бизнесті тарту мақсатында барлық инженерлік желілерді жаңғырту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.  

Бірқатар бағыттар бойынша жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда:

  • энергиямен жабдықтау – «Арна» 220/110 кВ қосалқы станциясының құрылысы, 6 қосалқы станцияны жобалау;
  • сумен жабдықтау және су бұру – «Ынтымақ» су алу нысанының қуатын арттыру, үш су алу қондырғысын, ағынды суларды тазарту станциясын және жеткізуші коллекторларды салу;
  • газбен жабдықтау – «Gate City-1» жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГРС) құрылысын жобалау, «Жетіген» АГРС құрылысының аяқталуы;
  • жол инфрақұрылымы – Growing және Gate District бағытында жолайрығы бар автожол салу бойынша құжаттар дайындалуда. Сонымен қатар EPC-F шарттары шеңберінде Golden District аумағында инженерлік желілермен бірге жол және жолайрық салу жоспарланған.  

Қала құрылысы және адами капитал

Қаланың сәулеттік бейнесін қалыптастыратын концепциялық және қала құрылысы жоспарлары әзірленуде. Құжаттарда өмір сүру сапасына қатысты қатаң талаптар, соның ішінде көгалдандыру стандарттары, құрылыс параметрлері мен аумақтың желдетілуі көрсеткіштері айқындалады. 

Адами капиталды дамытуда Alatau City халықаралық үздік тәжірибеге, атап айтқанда Сингапур мен Дубай үлгісіне сүйенеді. Бұл тәсіл еңбек ресурстарының ағыны бақылауда болуын және жергілікті мамандардың жоғары білікті салаларда жетекші рөл атқаруын көздейді.  

Инвестициялық ашықтықты арттыру

Отырыстың қорытындысы бойынша жұмысты жедел үйлестіру мақсатында арнайы Оперативті комитет құрылды. Қаланың барлық нормативтік құқықтық актілері халықаралық сараптаманы ескере отырып әзірленетін болады, бұл инвесторлар үшін ережелердің толық ашықтығын қамтамасыз етеді.

Премьер-министр ірі жобаларға арналған инфрақұрылымды қарқынды дамыту табысты инвестициялық саясаттың негізгі шарты болып қала беретінін атап өтті.

 

Дереккөз: primeminister.kz

Соңғы жаңалықтар