K-Park іргетасын қалау рәсімі
«K-Park» – жаңа Алатау қаласындағы тартылыс нүктесі
Алматы облысында маңызды әлеуметтік-мәдени нысан бой көтермек

2025 жылдың 12 қыркүйегінде Алматы облысында салынып жатқан жаңа Алатау қаласында Қазақстандағы корейлердің қоныстанғанына 90 жыл толуына орай «K-PARK» мәдени-бизнес орталығының алғашқы іргетасын қалау рәсімі өтеді.
Қазақстан корейлерінің қауымдастығы жүзеге асырып отырған K-PARK жобасы – қазақ халқына және қазақ жеріне деген құрмет пен ризашылықтың нышаны ретінде ойластырылған. Жоба авторларының айтуынша, қазақтар мен корейлерді терең тарихи-мәдени тамырлар байланыстырады. Қазақ халқының шексіз қонақжайлығы мен рухани жомарттығының арқасында корейлер Қазақстан халқының ажырамас бөлігіне айналып, өздерінің төл мәдениетін де сақтап қалды.
Жоба толықтай жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады және жаңа Алатау қаласының символына айналып, елдегі мәдени бастамаларға үлгі болмақ.
K-Park Алматыдан 11 км қашықтықта, жаңа Алатау қаласының бас жоспары аясында құрылып жатқан білім, денсаулық сақтау, мәдениет және креативті индустриялардың орталығы Golden District аумағында орналасады. Парк аумағы 10 га, ал көгалдандыру көлемі 40 мың м² болады. Бұл – Алматы облысындағы барлық парктердің қазіргі жасыл алаңының 20%-ына тең.
Парк аумағынан бөлек, K-PARK территориясында мәдениет, өнер және архитектура нысандары орналасады:
- қазақ халқына алғыс білдіру мемориалы;
- қазақ пен корей мәдениеттерінің ортақтығын көрсететін Идентификация бағы;
- тарихи реконструкция аймақтары: дәстүрлі корей үйі – ханок және ұлттық мүсіндер.
Мұнда келушілер ежелгі Корея тарихына бойлай алады;
- қазақстандық корейлердің тұрмыс ерекшеліктерімен таныстыратын Корё сарам аймағы;
- «Өмір ағашы» атты арт-нысан; кітапхана;
- интерактивті мұражай және тағы басқа мәдени нысандар.
Оңтүстік Кореядан келген өнертанушылар, мүсіншілер, қолөнершілер мен ағаш шеберлерінен құралған зерттеу тобы K-PARK аумағындағы мәдени нысандарды тарихи тұрғыдан дәл қалпына келтіруге жауапты.
Парк мәдени іс-шаралардың, арт-фестивальдер мен концерттердің орталығына айналады. Оның қолжетімділігі Алматы облысы мен Алматы қаласында демалыс орындарының тапшылығын азайтады. Алдын ала болжам бойынша, жылына мұнда 3,5 миллионға дейін қазақстандықтар уақыт өткізе алады.
«K-Park» мәдени-іскерлік орталығының бас жоспары
Орналасқан жері: https://go.2gis.com/Jbkru
Күнделікті демалыс үшін мұнда:
- балалар алаңы;
- жаз мезгілінде ашық аспан астында кино көрсетілімдері;
- қысқы уақытта мұз айдыны;
- серуендеуге және спортпен шұғылдануға арналған кеңістік;
- автотұрақ, электромобильдерге арналған қуаттау станциялары, фудкорт және намаз оқуға арналған бөлмесі бар ыңғайлы жол бойы сервисі қарастырылған.
K-Park жаңа жұмыс орындары құрылатын ірі урбанистикалық әрі мәдени нысанға айналады. Алғашқы келушілерді K-PARK 2027 жылдың күзінде қабылдайды.